Қазақстан Орталық Азияда әділетті энергетикалық ауысымды ілгерілетуде

Қазақстан Орталық Азияда әділетті энергетикалық ауысымды ілгерілетуде

RES-2026 саммитінің екінші күні «Орталық Азиядағы әділетті энергетикалық ауысым: саясат, инвестициялар және адами капитал» тақырыбында панельдік сессия өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының және бизнес өкілдері қатысты.

Сессияда сөз алған ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Орталық Азияның дамуында маңызды кезең басталғанын атап өтті. Оның айтуынша, өңір елеулі ресурстарға ие және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға жоғары әлеуеті бар.

Министр Қазақстан үшін энергетикалық ауысым тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету және энергетикалық қауіпсіздікті нығайтудың негізгі стратегиялық бағыты екенін айтты. Сондай-ақ елдің ұзақ мерзімді мақсаты – 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу.

Сессия барысында Қазақстанның энергетикалық саясаты үш негізгі бағыттың теңгеріміне негізделетіні айтылды. Атап айтқанда, энергиямен сенімді қамтамасыз ету, халық пен бизнес үшін қолжетімділік және экологиялық тұрақтылық.

Сонымен қатар адами капиталды дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Энергетика саласының қажеттілігіне сай кадр даярлау платформасы іске қосылады. Бағдарлама жаңартылатын энергия көздері, цифрландыру және автоматтандыру бағыттарын қамтиды.

Жиында энергетика саласына инвестиция тарту шаралары таныстырылды. Елде жел және күн энергетикасы жобаларын іске асыру жалғасуда. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды іріктеуде ашық аукциондар тәжірибесі қолданылуда.

Іс-шара аясында Қазақстанның энергетикалық ауысымына арналған ұлттық цифрлық инвестициялық платформаның іске қосылғаны хабарланды. Бұл тетік энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және озық технологияларды енгізу мақсатында мемлекеттік және жеке инвестицияларды біріктіруге бағытталған.

Сонымен қатар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында Салалық технологиялық құзыреттер орталығын құруға ерекше назар аударылды. Орталық энергетика саласындағы жобаларға талдамалық қолдау көрсетіп, цифрлық модельдеу технологияларын енгізуге және жаңа технологиялық шешімдерді дамытуға ықпал етеді.

Қатысушылар Орталық Азия елдері арасындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың маңызын атап өтті. Бұл әріптестік энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға, энергетикалық қауіпсіздікті арттыруға және электр энергиясы саудасын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Қазақстан тұрақты энергетикалық болашақты қалыптастыру мақсатында халықаралық серіктестермен, инвесторлармен және технологиялық компаниялармен ынтымақтастыққа ашық екенін мәлімдеді.