
Астанада өтіп жатқан Өңірлік экологиялық саммит (RES-2026) аясында «ЕО – Орталық Азия: II Министрлік диалог – Энергетика» тақырыбында панельдік сессия өтті.
Басқосу барысында энергетикалық ауысым, макроэкономикалық қауіпсіздік және өңірлік өзара байланыс мәселелерін талқылады.
Талқылауға Германияның Федералдық қоршаған орта министрлігінің халықаралық және еуропалық саясат жөніндегі бас директоры Ева Крахт пен Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов қатысты.
Ерлан Ақкенженов энергетика саласын дамыту, декарбонизация және өңірлік ынтымақтастықты нығайту бойынша Қазақстанның басым бағыттарын таныстырды.
Министр өз сөзінде Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдеріне серіктестікті жүйелі дамытудағы іс-қимылдарына алғыс білдірді.
Ол энергетикалық ауысым, жеткізілімдердің сенімділігі және өңірлік өзара байланыс мәселелері Еуразия кеңістігі үшін стратегиялық маңызға ие екендігін атап өтті.
«Энергетикалық қауіпсіздік пен климаттық мақсаттар өзара толықтырылуы тиіс. Энергетикалық теңгерімді трансформациялау және өңірлік желілерді интеграциялау Қазақстанға Орталық Азияның таза энергиясын Еуропа нарығына жеткізетін сенімді көпір болуға мүмкіндік береді»,- деді Е. Ақкенженов.
Қазақстан 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу және таза энергетиканы дамыту бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.
Баяндамада инфрақұрылымды жаңғырту, маневрлік газ генерациясын дамыту, цифрландыру және энергия тиімділігін арттыру мәселелеріне басымдық берілді. Бұл шаралар энергожүйе тұрақтылығын күшейтіп, трансшекаралық ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашады. Негізгі өңірлік бастамалар қатарында Орталық Азияда бірыңғай электр энергиясы нарығын қалыптастыру (REMIT бастамасы аясында), сауда тетіктерін дамыту және мемлекетаралық электр желілерін жаңғырту атап өтілді. Қамбар-ата ГЭС-1 жобасы өңірдің су-энергетикалық теңгерімін нығайтудың маңызды шешімі ретінде аталды.
Сондай-ақ, Еуропалық делегацияға «Орталық Азия–Каспий–Еуропа» жасыл энергетикалық дәліз құруға бағытталған мега-жоба таныстырылды. Жоба Еуропалық Одақ елдеріне таза электр энергиясын экспорттауды және энергетикалық ынтымақтастықтың жаңа форматтарын дамытуды көздейді.
Министр Қазақстанның энергетика секторын жаңғыртуда Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Еуропалық инвестициялық банкпен әріптестік пен қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ жасыл сутек өндіру және тұрақты қаржыландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық білдірді.
Осылайша Қазақстан Еуропалық Одақтың сенімді энергетикалық серіктесі және Орталық Азиядағы өңірлік интеграцияның белсенді қозғаушысы екенін тағы да көрсетті.