Қазақстан мен БҰҰ ЕЭК энергетикалық тұрақтылық пен төмен көміртекті технологияларды дамыту мәселелерін талқылады

Қазақстан мен БҰҰ ЕЭК энергетикалық тұрақтылық пен төмен көміртекті технологияларды дамыту мәселелерін талқылады

Өңірлік экологиялық саммит (RES-2026) алаңында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Татьяна Молчан кездесті.
Кездесуде энергетика саласындағы ынтымақтастық пен тұрақты даму бағыттарын дамыту мәселелерін талқылады.
Тараптар энергетикалық тұрақтылықты арттыру, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, өңірлік энергетикалық нарықты қалыптастыру, сондай-ақ энергия тиімділігі мен аса маңызды минералдарды өндіру жобаларын іске асыру мәселелерін қарастырды.
Электр стансаларының экологияға зиянын азайту мәселесіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, «таза көмір» технологияларын енгізу, сондай-ақ көмір химиясы мен көмірді терең өңдеудің келешегі сөз болды.
Қазақстан «жасыл экономиканы» дамытуға ниетті екенін білдірді. 2030 жылға қарай электр энергиясы өндірісіндегі жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) үлесін 15%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар сутегі энергетикасын перспективалы жаңа бағыт ретінде дамыту атап өтілді. Бұл салада ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Сонымен бірге «жасыл» сутегінің экспорттық әлеуетін қалыптастыру көзделуде.
Тараптар «жасыл» қаржыландыруды тартудың маңыздылығына да тоқталды. Сондай-ақ технологиялар алмасу мен ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайту қажеттілігі айтылды. Энергетика саласы үшін кадрлар даярлау мәселесі де назардан тыс қалмады.
Кездесу соңында Қазақстан мен БҰҰ ЕЭК тұрақты энергетика мен төмен көміртекті даму саласындағы әріптестікті одан әрі дамытуға өзара мүдделі екенін растады.