
Премьер-Министр Олжас Бектенов Қарағанды облысында қуаты 500 МВт жел электр станциясын салу туралы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен «Karaganda Wind Power» ЖШС (қазақстандық-қытайлық бірлескен кәсіпорын) арасындағы Келісімге қол қоюды мақұлдайтын қаулыға қол қойды.
Өңірлік экологиялық саммит аясында Энергетика министрлігі мен «Karaganda Wind Power» компаниясы арасында 500 МВт жел электр станциясын салу жөнінде инвестициялық келісім жасалды. Құжатқа Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен «Karaganda Wind Power» ЖШС басқарма төрағасы Шао Юэбо қол қойды.
Қарағанды облысындағы 500 МВт қуаттағы жел электр станциясы мемлекетаралық келісім аясында жүзеге асырылып отыр және Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздерін дамыту жөніндегі ауқымды бағдарламаның бір бөлігі болып табылады.
Жобаға 645 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынады. Станция жыл сайын шамамен 1,6 млрд кВт·сағ «жасыл» электр энергиясын өндіреді деп күтілуде.
Жобаны іске асыру жыл сайын шамамен 1,3 млн тонна көмірқышқыл газының шығарылуын азайтуға мүмкіндік беріп, елеулі экологиялық әсер береді.
Жоба елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға, «жасыл» экономиканы дамытуға және энергетика саласына шетелдік инвестициялар тартуға бағытталған.