Рогун ГЭС және өңірлік тұрақтылық: Қазақстан мен Тәжікстан энергетика министрлері RES-2026 саммитінде келіссөздер жүргізді

Рогун ГЭС және өңірлік тұрақтылық: Қазақстан мен Тәжікстан энергетика министрлері RES-2026 саммитінде келіссөздер жүргізді

Астана — Электроэнергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және логистикалық тізбектердің сенімділігі Қазақстан Республикасы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Тәжікстан Республикасының Энергетика және су ресурстары министрі Джума Далер Шофакир арасындағы келіссөздердің негізгі тақырыбы болды. Екіжақты кездесу Астанада өтіп жатқан Өңірлік экологиялық саммит (RES-2026) аясында өтті.

Ерлан Ақкенженов Душанбе қаласымен отын-энергетика кешеніндегі өзара іс-қимылдың стратегиялық сипатын атап өтіп, оның Орталық Азияның өңірлік қауіпсіздігі мен тұрақты дамуына тікелей үлес қосатынын айтты.

Қазақстан сенімді серіктес ретінде мұнай-газ саласындағы тұрақты ынтымақтастықты қолдайды. Тараптар қазақстандық көмірсутектерді теміржол арқылы жеткізудегі көпжылдық логистикалық әріптестікті оң бағалады. Экспорттық-транзиттік бағыттарды одан әрі дамыту екі мемлекеттің экономикалық прагматизм, маршруттардың тиімділігі және шаруашылық жүргізуші субъектілердің мүдделері қағидаттарына негізделетін болады.
Келіссөздердің негізгі бағыты ретінде климаттық күн тәртібі аясында Тәжікстандағы «Рогун ГЭС» қуаттарынан экологиялық таза электр энергиясын ұзақ мерзімді импорттау мәселесі қаралды. Бұл жоба өңірдегі су-энергетикалық теңгерімді қалыптастыруда және Қазақстанның суармалы қажеттіліктерін вегетациялық кезеңдерде тұрақты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Ерлан Ақкенженов мемлекетішілік рәсімдер аяқталғанын атап өтіп, Үкіметаралық келісім жобасының келісілгенін жеткізді. Құжат электр энергиясын импорттауды көздейді және Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесін (БЭЖ) ең жоғары жүктеме кезеңдерінде икемді теңгеруге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл жүйелік операторға (KEGOC) ұлттық желінің тәуліктік режимін оңтайландыруға және оның сенімділігін арттыруға жағдай жасайды.
Кездесу қорытындысы бойынша министрлер үкіметаралық келісімдерге көшу және су-энергетикалық мәселелерді бірлесіп шешу екі елдің ынтымақтастығын жаңа сапалы деңгейге шығаратынын атап өтті.