КПО сатып алуларының 367 млрд теңгесі қазақстандық компанияларға тиесілі

КПО сатып алуларының 367 млрд теңгесі қазақстандық компанияларға тиесілі

Алматыда Энергетика министрлігінің, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының, Уәкілетті органның (PSA), IMB орталығының, сондай-ақ КПО компаниясы мен отандық өнеркәсіп кәсіпорындарының қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара ішкі құндылықты дамыту, қазақстандық өндірушілермен өзара іс-қимылды кеңейту және ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу перспективаларын талқылау мақсатында ұйымдастырылды.
Жергілікті қамтуды дамыту және отандық өнеркәсіпті қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары болып табылады. Энергетика министрлігі операторлармен бірлесіп қазақстандық қамту үлесін кезең-кезеңімен арттыруға бағытталған даму бағдарламаларын іске асыруда.
2025 жылдың қорытындысы бойынша 2024 жылмен салыстырғанда Қарашығанақ жобасындағы қазақстандық қамту көрсеткіштерінің тұрақты өсімі атап өтілді. Сонымен қатар дөңгелек үстелдер өткізу, кәсіпорындармен кездесулер ұйымдастыру және өндірістік алаңдарға барудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Мұндай өзара іс-қимыл форматтары жақын арада отандық тауар өндірушілермен нақты келісімшарттар жасасуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
2025 жылдың қорытындысы бойынша КПО-ның тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу көлемі 602 млрд теңгені құрады, оның ішінде 367 млрд теңге немесе 61%-ы қазақстандық қамтуға тиесілі. Сонымен қатар Қарашығанақ жобасының операторы отандық өндірушілермен шамамен 25 млрд теңге сомасына ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасты.
Іс-шара аясында КПО және қатысушылардың таныстырылымдары, сондай-ақ сұрақ-жауап сессиясы өтті. Жергілікті қамту үлесін арттыру, меморандумдардан нақты келісімшарттарға көшу және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Күннің екінші жартысында қатысушылар Алматы қаласы мен Алматы облысындағы бірқатар өнеркәсіп кәсіпорындарын, соның ішінде машина жасау, электротехникалық және желдету жабдықтарын шығаратын зауыттарды аралады. Сапар барысында өндірісті жергіліктендіру, кооперацияны кеңейту және кәсіпорындардың КПО жобаларына ықтимал қатысу мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар отандық өндірісті дамытуға және қазақстандық қамту үлесін арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екендіктерін растады.