
Энергетика министрлігі Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ) Астанадағы Сутегі дипломатиясы кеңсесімен және Германия энергетика агенттігімен (dena) бірлесіп «Қазақстанның сутегі энергетикасы тұжырымдамасы: жоспарлаудан іске асыруға дейін» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шара 2040 жылға дейінгі сутегі энергетикасын дамытудың жаңартылған тұжырымдамасын жүзеге асырудың практикалық қадамдарын талқылау алаңына айналды. Дөңгелек үстел жұмысына мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, ұлттық компаниялардың, бизнес өкілдері, сондай-ақ сарапшылар мен академиялық қауымдастық қатысты.
Алғы сөзбен Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс пен Германияның ҚР-дағы Елшісінің тұрақты орынбасары Ульрих Кинне сөз сөйледі. Баяндамалар барысында сутегі энергетикасын дамыту елдің энергетикалық саясатының негізгі бағыттарының бірі және экономиканы декарбонизациялау мақсаттарына қол жеткізу құралы ретіндегі маңыздылығы атап өтілді.
Бірінші сессия аясында қатысушыларға Қазақстанның сутегі энергетикасының жаңартылған тұжырымдамасы таныстырылды. Оның негізгі ережелері, соның ішінде мемлекеттік саясаттың басым бағыттары, сутегін қолданудың перспективалы секторлары, сондай-ақ саланы дамыту бойынша ұсынылатын шаралар қаралды. Декарбонизациялануы қиын секторларда парниктік газдар шығарындыларын азайту мәселелеріне және елдің ұзақ мерзімді климаттық мақсаттарына қол жеткізудегі сутегінің рөліне ерекше назар аударылды.
Екінші сессияда сутегі энергетикасы және декарбонизация саласындағы жобаларды іске асырудың қаржылық механизмдері талқыланды. Халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдері инвестицияларды тартуға, жобаларды дайындауды қолдауға және инвестициялық тәуекелдерді азайтуға бағытталған қолжетімді қаржыландыру құралдарын таныстырды.
Үшінші сессия мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, жеке сектор және ғылыми қауымдастық арасындағы ынтымақтастықты дамыту мен іс-қимылдарды үйлестіру мәселелеріне арналды. Қатысушылар Тұжырымдаманы тиімді іске асыру тетіктерін талқылап, сондай-ақ халықаралық тәжірибелерді, соның ішінде Германияның сутегі энергетикасы саласында үйлестіру құрылымдарын құру тәжірибесін қарастырды.
Іс-шара аясында интерактивті сессия да өткізіліп, онда қатысушылар Тұжырымдаманы іске асырудағы өз рөлдерін талқылап, саланы одан әрі дамыту бойынша практикалық қадамдар ұсынды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар ведомствоаралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайту, сондай-ақ Тұжырымдаманы іске асыру және Қазақстанда сутегі энергетикасын дамыту жөніндегі практикалық қадамдарды үйлестіру қажеттігін атап өтті.