Қазақстан мұнай-газ химиясын қарқынды дамытытуда: 2030 жылға қарай өндіріс 2 есеге өседі

Қазақстан мұнай-газ химиясын қарқынды дамытытуда: 2030 жылға қарай өндіріс 2 есеге өседі

Астанада өткен XIII «KAZNEFTEGAZSERVICE - 2026» конференциясында ҚР Энергетика министрлігінің Мұнай-газ-химия және техникалық реттеу департаментінің директоры Темірлан Үркімбаев мұнай-газ химиясы саласындағы мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарын таныстырды.

Секторды дамытудың негізгі бағыты – шикізатқа тәуелділіктен арылып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге көшу. Соңғы жылдары салада тұрақты өсім байқалады: мұнай-газ химиясы өнімдерінің көлемі 2023 жылы 358 мың тонна болса, 2025 жылы 619 мың тоннаға жеткен. Бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 1 220 мың тоннаға артады деп жоспарлануда.

Бұл өсімнің негізін ірі инвестициялық жобалар құрайды. 2022 жылы Атырауда полипропилен өндіретін алғашқы интеграцияланған газ-химия кешені KPI іске қосылды. Оның өндіріс көлемі 2025 жылы 375 мың тоннаға жеткен.

Темірлан Үркімбаевтың айтуынша, ел тарихындағы ең ірі жобалардың бірі – жылына 1,25 млн тонна полиэтилен шығаратын «Полиэтилен» зауытының құрылысы белсенді жүргізілуде. Аталған зауытты іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Сонымен қатар Павлодар облысында алкилат өндіретін зауыт салынып жатыр. Бұдан бөлек, карбамид (880 мың тонна) және бутадиен (340 мың тонна) өндіру жобалары да қатар жүзеге асырылуда. Мұнай-газ химиясын дамытудың 2030 жылға дейінгі Жол картасы аясында негізгі төрт ірі жобаға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 12 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл шамамен 2,4 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Министрлік мұнай-газ химиясы саласындағы заңнамалық реттеуді күшейтуге және жергілікті қамтуды дамытуға ерекше назар аударуда. Қазіргі уақытта «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл заң кәсіпорындарға шикізат базасына тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге, жаңа инвестициялар тартуға және саланың тұрақты дамуын қолдауға бағытталған.

Сондай-ақ, отандық компанияларды ірі жобаларға тарту және халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істеу үшін арнайы Жұмыс тобы құрылды. Бұл топ Испаниялық Tecnicas Reunidas және Италиялық Maire Tecnimont сияқты халықаралық EPC-мердігерлермен ынтымақтастықты үйлестіріп, жобаларды тиімді жүзеге асыруға жағдай жасайды.

Осы ынтымақтастық аясында кадрларды даярлау бағдарламалары іске қосылды. 2025 жылдың шілде айынан бастап 35 қазақстандық түлек Испанияда оқуда. Сонымен қатар, Maire Tecnimont компаниясымен серіктестік негізінде Қазақстанда ТМД мен Кавказ елдеріне қызмет көрсететін өңірлік инженерлік-өнеркәсіптік хаб құрылуда.

Бұл бастамалар елде тұрақты инженерлік кадрлық әлеует қалыптастыруға және мұнай-газ химиясы саласының технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.