
Астанада «Geoscience & Exploration Central Asia» халықаралық геологиялық форумы аясында ҚР Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» және Хорватияның көмірсутек мәселелері жөніндегі агенттігінің еншілес компаниясы – GEOENERGIJA RAZVOJ d.o.o. арасында Ақтөбе облысындағы Шығыс учаскесінде көмірсутектерді барлау мен өндіру бойынша келісімшарт жасалды.
Құжатқа ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров, ҚМГ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев және ГЕОЭНЕРГИЯ директоры Марийо Галич қол қойды.
«Шығыс» жобасы тепе-тең талаптармен (50/50) іске асырылатын болады, бұл ретте хорват тарапы геологиялық барлау кезеңін толық қаржыландырады.
Жұмыстардың ең аз көлемі 500 км болатын 2D сейсмикалық барлау жүргізуді және тереңдігі 3500 м іздеу ұңғымасын бұрғылауды қамтиды.
Қол қойылған келісімшарт Қазақстан мен Хорватия арасындағы стратегиялық серіктестіктің мәртебесін бекітеді. Айта кетсек, хорватиялық компания алғаш рет Қазақстанның геологиялық барлау секторына инвестиция салады, бұл мемлекетаралық экономикалық ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.