Энергетика министрлігі Geoscience форумында жер қойнауын пайдаланушыларға жаңа мүмкіндіктерді таныстырды

Энергетика министрлігі Geoscience форумында жер қойнауын пайдаланушыларға жаңа мүмкіндіктерді таныстырды

«Geoscience & Exploration Central Asia» халықаралық форумы аясында өткен «Орталық Азияның көмірсутек ресурстары: дамуы мен сын-қатерлері» атты панельдік сессия алаңында Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров жер қойнауын пайдалануды дамытудың стратегиялық басымдықтары мен инвестиция тартуға бағытталған заңнамадағы ауқымды өзгерістерді жария етті.

Өз сөзінде вице-министр Қазақстанның жер қойнауын пайдалану секторында жоғары қарқын көрсетіп отырғанын атап өтті: 2023 жылдан бастап геологиялық барлауға салынған инвестиция көлемі шамамен 433 миллиард теңгені құрады, ал көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған қолданыстағы келісімшарттар саны 319-ға дейін өсті.

Ерлан Акбаров Мемлекет басшысының еліміздің геологиялық зерттелген аумағының ауданын 2026 жылға қарай 1,5 миллионнан 2,2 миллион шаршы шақырымға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмаларының орындалуына ерекше назар аударды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін 2022-2025 жылдар аралығында заңнамаға тұжырымдамалық түзетулер енгізілді, соның ішінде «дәстүрлі емес көмірсутектер» ұғымын енгізу, электрондық аукциондар рәсімдерін оңайлату және күрделі жобалар үшін елеулі фискалдық преференциялар беретін Жақсартылған модельдік келісімшартты әзірлеу жұмыстары атқарылды.

Жаңа шаралар әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік берді: енді инвесторлардың аукциондық өтінімдердегі қателерді түзетуге құқығы бар және егер сейсмикалық зерттеулер бұрғылаудың перспективасыз екенін растаса, учаскені айыппұлсыз қайтару мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жер қойнауын пайдаланушыларға әр кезеңде 300 мың АҚШ долларына дейін қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді.

Саланы цифрландыру және ашықтықты арттыру аясында өткізілген 11 аукционның тиімділігі атап өтілді, олардың қорытындысы бойынша 55 миллиард теңге сомасына инвестициялық міндеттемелері бар 121 учаске іске асырылды.

Сондай-ақ, Ерлан Акбаров «Жер қойнауын пайдалануға баламалы салық» режимін енгізу арқылы игеріліп жатқан кен орындарын қолдауға тоқталды, бұл оларды пайдалану мерзімін 25 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мемлекеттің стратегиялық бақылауы күшейтілуде: барлық ірі кен орындары үшін ұлттық компанияның қатысу үлесі заңнамалық деңгейде кемінде 50% болып бекітілген.

Соңғы екі жылда 35 мұнай кен орны өндіру кезеңіне өтті, ал Рожковское, Оңтүстік Ақсай және Анабай жобаларында газ өндіру жұмыстары басталып кетті.

Геологиялық барлауды жандандыруға ерекше мән берілген, осыған байланысты «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске аз зерттелген аумақтардағы жұмысқа қатысты түзетулер енгізілді. Бұл өзгерістер инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға және жер қойнауын пайдалану құқығын алу рәсімдерін оңайлатуға бағытталған. Жақын арада Қазақстанның ұзақ мерзімді энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін аукционға бірқатар жаңа перспективалы учаскелер шығарылатын болады.

Энергетика министрлігі ашықтық саясатын жалғастыра береді және өңірдің жер қойнауын жоғары технологиялық барлау мен игеруге инвестиция салуға дайын халықаралық компанияларға жан-жақты қолдау көрсетуге әзір.