
Азаматтарды қабылдау орталығында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов тұрғындарды кезекті жеке қабылдауын өткізді. Ведомство басшысы өтініш берушілермен энергетикадағы инновацияларды енгізуден бастап, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға дейінгі кең ауқымды мәселелерді талқылады.
Атырау облысының тұрғыны Тынышбай Хұсайынов жұмысқа орналасу мәселесін көтерді. Ерлан Ақкенженов азаматтардың әл-ауқаты мемлекет үшін басымдық екенін атап өтті. Бұл ретте, мұнай өндіруші компаниялар қызметкерлерді жұмысқа алу туралы шешімді өздерінің ішкі рәсімдері мен заңнама талаптарына сәйкес қабылдайтыны түсіндірілді.
Ильдар Қайырбеков Алматыдағы өнеркәсіптік шығарындыларды көмірқышқыл газына айналдыруға мүмкіндік беретін технологияны таныстырды. Энергетика министрлігі декарбонизацияға бағытталған бастамаларды қолдайды. Атап айтқанда, қазіргі уақытта Алматы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 нысандарын газға көшіру бойынша жаңғырту жұмыстары жүріп жатқаны айтылды. Бейінді департаменттерге мұндай шешімдерді нысандарда қолдану мүмкіндігін зерделеу, сондай-ақ кеңес беру тапсырылды.
Сонымен қатар, Астана қаласының тұрғыны Гүлнар Ыдырысованың «Астана-РЭК» АҚ қызметкерлерінің іс-әрекетіне қатысты өтініші қаралды. Өтініш иесіне толық құқықтық түсініктемелер берілді.
Қабылдау қорытындысы бойынша Ерлан Ақкенженов бейінді департаменттерге әрбір өтініш бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Барлық мәселелер министрлік басшылығының жеке бақылауына алынды, ал оларды шешу заңнамада белгіленген мерзімде қамтамасыз етіледі.