Қазақстан мен Жапония энергетикалық ауысым және технологиялық ынтымақтастықты талқылады

Қазақстан мен Жапония энергетикалық ауысым және технологиялық ынтымақтастықты талқылады

Астанада Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Талғат Қарашев Жапонияның Экономика, сауда және индустрия министрлігінің (METI) Ресей, Орталық Азия және Кавказ елдері басқармасының директоры Хидэхико Ишиимен кездесті.

Кездесу барысында тараптар «Орталық Азия–Жапония» саммитінің қорытындыларын шығарып, жаһандық декарбонизация мәселелерін талқылады. Қазақстан тарапы өңір елдері энергетикалық ауысым бойынша стратегиялық жоспарлау кезеңінен нақты іске асыру кезеңіне өткенін атап өтті.

Бүгінде Қазақстан үшін басты бағыт – өнеркәсіпті ESG қағидаттары негізінде жаңғырту үшін инвестиция тарту және озық технологияларды енгізу. Қазіргі уақытта елде жалпы қуаты 3,5 ГВт болатын 163 жаңартылатын энергия көзі жұмыс істеп, электр энергетикасындағы «жасыл» энергияның үлесі 7%-ға жетті.

Ынтымақтастықтың ең перспективалы бағыты ретінде сутегі энергетикасы аталды. Бұл бағыт өнеркәсіпті декарбонизациялау және жаңа экспорттық нарықтарды қалыптастырудың стратегиялық құралы ретінде қарастырылады. Сонымен қатар Қазақстан мұнай-газ химиясы саласында да ауқымды жобаларды жүзеге асыруда.

Кездесу барысында Қазақстан Жапонияның энергия тиімділігі, сутегі технологиялары және көмірсутектерді терең өңдеу саласындағы озық тәжірибесін қолдануға мүдделі екенін білдірді.

Тараптар екі елдің энергетикалық жүйелерінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен инвестициялық және жоғары технологиялық жобаларды іске асыру арқылы серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екендерін мәлімдеді.