Қазақстанда мұнай-химия жобаларының болашақ инвесторлары үшін вебинар өткізілді

Қазақстанда мұнай-химия жобаларының болашақ инвесторлары үшін вебинар өткізілді

ҚР Энергетика министрлігінің алаңында «Қазақстан Республикасының мұнай-газ-химия саласының әлеуеті» тақырыбында онлайн-вебинар өткізілді.

Іс-шара алғаш рет өткізілді және ел экономикасын шикізаттық бағыттылықтан жоғары қосылған құны бар экспортқа бағдарланған өнім өндіруге көшіру бойынша әртараптандыру жөніндегі мемлекеттік саясаттың бір бөлігі болып табылады, деп хабарлайды ҚР ЭМ Баспасөз қызметі. 

Вебинардың спикерлері –  ҚР ЭМ Газ және мұнай-газ-химия департаментінің директоры Зияш Қияқбаев, «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» АҚ Басқармасының төрағасы Аслан Қалабаев және «KazakhInvest» ұлттық компаниясының басқарушы директоры Азамат Қожанов болды.

Вебинардың мақсаты – жаңа мұнай-газ-химия кешендерін құруға инвестициялар тарту үшін елдің мұнай-газ-химия саласының әлеуетімен таныстыру.

Конференцияда мынадай тақырыптар қарастырылды:

- Қазақстан Республикасындағы инвестициялық ахуал және мұнай-газ-химия саласындағы қолданыстағы заңнама шеңберіндегі мемлекеттік қолдау шаралары;

- Қазақстанның мұнай-газ-химия өндірістеріне арналған шикізат базасы және тауарлық және сұйытылған мұнай газына баға белгілеу тетігі;

- мұнай-газ-химия өнімдерін шығару жөніндегі инвестициялық жобалар тізбесіне жобаларды енгізу алгоритмі;

- Атырау облысындағы арнайы экономикалық аймақ аумағында қолданылатын преференциялар. АЭА аумағында шағын және орта бизнесті дамыту.

Вебинар барысында сұрақ-жауап сессиясы өтті, онда уәкілетті тұлғалар болашақ инвесторлардың сұрауларына түсініктеме берді.

Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында Қазақстанның батыс өңірлері мұнай-химия кешендерін салып, жоғары деңгейдегі қайта өңдеу ісінің инвестиция тартатын орталығына айналуға тиіс екенін атап өткен болатын.