2026 жылы жаңартылатын энергия өндіруі көлемі 8,8 млрд кВт/сағ-қа жетеді

2026 жылы жаңартылатын энергия өндіруі көлемі 8,8 млрд кВт/сағ-қа жетеді

ҚР Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында 2025 жылғы жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) секторының нәтижесі мен алдағы жоспары жарияланды. Бұл елдің «жасыл» энергетикаға көшу бағытындағы стратегиясын көрсетеді.

Қазіргі таңда елде 162 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істеп, жалпы қуаты 3,5 ГВт-ты жеткен. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдің жалпы генерациясында жаңартылатын энергияның үлесі 7%-ға жетті. Өткен жылы Қарағанды, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау және Жетісу өңірлерінде 9 жаңа станса іске қосылып, жалпы қуаты 503 МВт болды.

Энергетика министрінің айтуынша, ЖЭК нысандарының нақты өндірген электр  энергиясы 8,6 млрд кВт/сағ жетіп, жоспардан 19,4%-ға асты.

2025 жылы Қостанай облысында гигаваттық энергияны жинақтау жүйесімен жабдықталған жел электр стансасын салу бойынша ел тарихындағы алғашқы аукцион өтті. Сонымен қатар, Түркістан облысында 300 МВт қуаттағы күн электр стансасын салу үшін қытайлық Energy China компаниясымен келісім жасалды.

«2026 жылы жасыл энергия өндірісін 8,8 млрд кВт.сағ-қа дейін арттыруды және жалпы қуаты 245 МВт болатын10 жаңа жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Олардың ішінде 4 жел, 5 күн және 1 су электр стансасы бар», - деді Е. Ақкенженов.

2026 жылы Қазақстанда «Баламалы энергия көздерін дамыту туралы» заң қабылданып, сутегі энергетикасын дамыту бойынша 2040 жылға дейінгі тұжырымдамасы жаңартылады. Сонымен қатар, заманауи энергия жинақтау жүйелерімен жабдықталған жел электр стансалары жобалары бойынша халықаралық серіктестік нығайтуды жалғастырады.