
ҚР Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Ерлан Ақкенженов электр энергетикасы саласының өткен жылғы жұмысын қорытындылап, 2026 жылға арналған маңызды міндеттерді бекітті. Жоспарға сәйкес, елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту басты мақсат болып отыр.
2025 жылы электроэнергия өндіру көлемі 123,1 млрд кВт/сағ жетіп, жоспардан 4,4%-ға асты. Сонымен қатар, дәстүрлі генерацияға 166 МВт жаңа қуат қосылды.
Күрделі жөндеу науқанына бөлінген 411 млрд теңге есебінен 10 энергетикалық блок, 63 қазандық және 39 турбина жөнделіп, 17 мың км желі жаңартылды. Бұл жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз етіп, ЖЭО-дың тозуын 64%-дан 61%-ға дейін төмендетті.
«Ағымдағы жылы электроэнергия өндіру көлемін 126,5 млрд кВт/сағ дейін арттыру жоспарланып отыр. Елдің энергетикалық қуаты 2,4 мың МВт жаңа дәстүрлі генерация есебінен нығаяды: Түркістандағы газ-турбиналық қондырғы – 1000 МВт, Қызылордадағы – 240 МВт, Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 – 1101 МВт, сондай-ақ Атырау мен Текелідегі қуаттар кеңейтіледі», – деді Ерлан Ақкенженов.
Министрліктің стратегиялық басым бағыты – Президент тапсырмасына сәйкес, көмір генерациясын дамыту жөніндегі Ұлттық жобаны іске асыру, ол жалпы қуаты 7,6 ГВт болатын жобаларды қамтиды.
Сонымен қатар, 2026 жылы ағымдағы инфрақұрылымды қолдау мақсатында күрделі жөндеу науқаны жүргізіледі: 9 энергетикалық блок, 55 қазандық, 51 турбина жөнделіп, 17,1 мың км электр желісі жаңартылып, 377 км жылу желісі ауыстырылады. Бұл жабдықтың тозуын тағы 2%-ға төмендетіп, тұтынушыларға сенімді энергия жеткізуді қамтамасыз етеді.