
Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Ерлан Ақкенженов 2025 жылғы мұнай-газ секторының нәтижелерін жариялап, 2026 жылға арналған негізгі стратегиялық бағыттарды таныстырды. Негізгі басымдық – тасымалдаудың әртараптандырылған жүйесін дамыту және мұнай өңдеу саласын ауқымды жаңғырту.
Теңіз кен орнындағы кеңейту жобаларын іске қосу нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұнай экспорты 78,7 млн тоннаға жетіп, жоспарланған көрсеткіштен 11,6%-ға асты. Негізгі өсімді Каспий құбыр консорциумы (КҚК) қамтамасыз етті, ол арқылы 64,8 млн тонна мұнай өткізілді.
Дәстүрлі бағыттарды дамытумен қатар, Қазақстан Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры бағытын нығайтуда. Осы бағыт бойынша экспорт көлемін қазіргі 1,2 млн тоннадан 2,2 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр, бұл Әзірбайжан тарапымен келісімге сәйкес жүзеге асырылады.
Мұнай өңдеу саласында да өсім байқалды: 2025 жылы 18,4 млн тонна мұнай өңделіп, 15,47 млн тонна мұнай өнімдері шығарылды. Сонымен қатар, CaspiBitum зауытының жылдық қуаттылығы 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайтылды.
«2026 жылы мұнай өңдеу көлемін 18,2 млн тонна деңгейінде, ал мұнай өнімдері өндірісін 15,49 млн тоннада сақтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, жылдық қуаттылығы 10 млн тонна болатын жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жобасына ерекше басымдық беріледі», – деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Сонымен қатар, жақын арада зауыттардың қуатын арттыру басталады: ПҚОП – 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға, ПМХЗ – 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға, АМӨЗ – 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін. Ішкі жол құрылысы нарығын толық қамтамасыз ету үшін битум экспортына уақытша шектеу енгізіледі.
Өткен жылы мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру көлемі 619 мың тоннаға жетіп, жоспарланған көрсеткіштен 4,9% асты. Сондай-ақ, маңызды екі жоба – Атырау облысында жылдық қуаттылығы 1,25 млн тонна полиэтилен зауыты мен Павлодар облысында жылдық қуаттылығы 100 мың тонна алкилат зауытының құрылысы басталды.
2026 жылы мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру көлемі 600 мың тонна деңгейінде жоспарланып отыр. Сонымен қатар, маңызды институционалдық қадам ретінде «Мұнай-газ-химия өнеркәсібі туралы» заң қабылданады. Заң жоғары қосылған құнға ие өнімдерді өндіруді ынталандыруға, ішкі нарықты қорғауға және экспортқа бағытталған жобаларды қолдауға бағытталған.