
ҚР Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Ерлан Ақкенженов 2025 жылдың қорытындысын баяндап, 2026 жылға арналған негізгі міндеттерді айқындады. Сонымен қатар ел экономикасындағы инвестициялардың 19%-дан астамын және ЖІӨ-нің 16%-ын қамтамасыз етіп отырған отын-энергетика кешеннің стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
«Мұнай-газ саласы шамамен 1350 компанияны біріктіреді, бұл секторда 240 мыңнан астам адам еңбек етеді. Электр және жылу энергетикасы саласында 360-қа жуық кәсіпорында 100 мыңнан астам маман жұмыс істейді», – деді Ерлан Ақкенженов.
Энергетика министрінің айтуынша, қазіргі уақытта жер қойнауын пайдалану саласында көмірсутектерді барлау және өндіру бойынша 321 келісімшарт, ал көмір өндіруге арналған 36 келісімшарт қолданыста. 2025 жылы өткізілген аукциондардың қорытындысы бойынша 6 жер қойнауы учаскесі іске асырылды. Нәтижесінде мемлекет бюджетіне жалпы сомасы 1,2 млрд теңгені құрайтын қол қою бонусы түсті. Ал геологиялық барлау жұмыстарына бағытталған бастапқы инвестициялар көлемі 45,5 млн АҚШ долларын құрады.
«Жылдың маңызды жетістіктерінің бірі – жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы ішкі құн үлесі 65%-ға жетіп, 3 трлн теңгені құрауы. Сонымен қатар, 2022-2025 жылдар аралығында халықаралық инвесторлармен 25 келісімге қол қойылып, жабдық өндірісінің 9 түрі жергіліктендірілді», – деді Энергетика министрі.
Министрлігі мұнай-газ саласында сұранысқа ие түпнұсқа жабдықтарды өндіретін әлемдік жетекші компаниялармен бірлесіп, жаңа өндірістерді жергіліктендіру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Тізімге Chemelex (АҚШ), John Crane (АҚШ), Hi Air Korea (Корея), Baker Hughes (АҚШ), KazWell Systems (Қазақстан/Бразилия), Terranova Srl (Италия), Swagelok (АҚШ), Slb (АҚШ) және Siemens (Германия) сияқты ірі халықаралық компаниялар кіреді. Бұл жобалар ел ішінде жоғары технологиялық жұмыс орындарын құруға және саланың импортқа тәуелділігін төмендетуге бағытталған.
2025 жылы міндеттемелердің орындалуын бақылау барысында жер қойнауын пайдаланушыларға шамамен 17 млрд теңге сомасындағы 167 ескерту жіберіліп, 18 келісімшарт бұзылды. Бұзылған келісімшарттар аукционға шығарылады.
2026 жылы Энергетика министрлігі көмірсутектерді пайдалану құқығына кемінде екі электрондық аукцион өткізу және инвестициялық міндеттемелердің орындалуын қатаң қадағалау бойынша жұмысын жалғастырады.