Қазақстанда мұнай-газ саласының кәсіптік стандарттары жаңартылуда

Қазақстанда мұнай-газ саласының кәсіптік стандарттары жаңартылуда

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ алаңында мұнай-газ саласының салалық біліктілік шеңберлері мен кәсіптік стандарттарын өзектендіру жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Талқылаудың негізгі бағыттары: мұнай мен газды барлау және өндіру, тасымалдау және сақтау, өңдеу және өткізу мәселелерін қамтыды. Іс-шара ҚР Энергетика министрлігі жанындағы Мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы салаларындағы кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестің қызметі аясында ұйымдастырылды.

Отырыстың негізгі мақсаты — өзгерістер мен толықтырулар бойынша бірыңғай ұстанымды әзірлеу, сондай-ақ 2026 жылға арналған кәсіптік стандарттарды өзектендіру және бекіту.

Жұмыс тобына ҚР Энергетика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің, «KAZENERGY» қауымдастығының, «QazaqGaz» ҰК АҚ-ның, ҚМГ-ның еншілес және тәуелді ұйымдарының, ірі мұнай-газ компанияларының («Теңізшевройл» ЖШС, «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.», «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.»), «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның, сондай-ақ еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен колледждерінің өкілдері қатысты.

ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров Еңбек кодексінің нормаларына сәйкес, жұмыстың күрделілігі мен жауапкершілігі, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшілердің біліктілігі бірінші кезекте кәсіптік стандарттар негізінде белгіленетінін атап өтті.

Салалық кеңестің төрайымы, «KAZENERGY» қауымдастығының атқарушы директоры Ләззат Ахмурзина Кеңестің 2025 жылғы жұмыс қорытындысын таныстырып, 2026 жылға арналған жоспарларды айқындады және отырысқа модераторлық етті.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ өкілдері қатысушыларға 2025 жылғы қызмет қорытындылары мен 2026 жылға арналған жоспарларды таныстырды. Олар кәсіптік стандарттарды, Ұлттық кәсіптер классификаторын, Ұлттық біліктілік шеңберін әзірлеу және өзектендіру ережелеріндегі өзгерістер, білім беру бағдарламаларының тізілімін енгізу, сондай-ақ біліктілікті тану механизмін дамыту және кәсіптер тізілімін енгізу туралы айтып берді.

Мұнай-газ саласының жетекші оқу орындары — Қазақ-Британ техникалық университеті, С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті, Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, С. Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжі және APEC Petrotechnic жоғары колледжі қатысушыларды кәсіптік стандарттарды ескере отырып әзірленген маман даярлау бағдарламаларымен таныстырды.

Отырыс соңында қатысушылар кәсіптік стандарттарды әзірлеу және мұнай-газ саласы үшін білікті кадрлар даярлауда бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

ҚР Энергетика министрлігі мұнай-газ саласының кәсіптік стандарттарын дамыту және мемлекеттік органдармен, компаниялармен және оқу орындарымен өзара іс-қимылды нығайту бағытындағы жоспарлы жұмысты жалғастыра береді.