Энергетика министрлігі мен ҚазҰУ жаңа технологиялық құзыреттер орталығының міндеттерін талқылады

Энергетика министрлігі мен ҚазҰУ жаңа технологиялық құзыреттер орталығының міндеттерін талқылады

ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кездесу өткізді. Кездесуде отын-энергетика кешені саласында Салалық технологиялық құзыреттер орталығын құру мәселесі қаралды.
Жаңа орталық ОЭК-тің инвестициялық дамуын жүйелі басқаруға, жобалардың тиімді портфелін әзірлеуге, өндірісті жергіліктендіруге және технологиялық тәуелсіздікті күшейтуге бағытталмақ.
Кездесу барысында саланың басым бағыттары бойынша R&D орталықтарының альянсын құру тұжырымдамасы таныстырылды. Жоба аясында дәстүрлі және таза генерацияны дамыту, электр және жылу желілерін жаңғырту, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу көзделіп отыр.
Сондай-ақ, электроэнергетика саласындағы Салалық біліктілік жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды. Басты мақсат – кадр тапшылығын азайту, мамандарға қойылатын бірыңғай талаптарды енгізу және өндірістік тәуекелдерді төмендету. Тараптар саладағы кадрлық қажеттіліктерді бағалау мен болжау үдерістерін цифрландырудың маңызын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Салалық технологиялық құзыреттер орталығын іске қосу және отын-энергетика кешенінің кадрлық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған нақты ұйымдастырушылық шаралар белгіленді.