Қазақстан мен Сербия энергетика саласындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуда

Қазақстан мен Сербия энергетика саласындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуда

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Сербия Республикасының Халықаралық экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі министрі Ненад Поповичпен кездесті. Келіссөздер екі ел басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтардың қисынды жалғасы болды.

Ерлан Ақкенженов атап өткендей, Қазақстан мен Сербия арасындағы екіжақты қарым-қатынастар әрқашан өзара құрметпен және сындарлы ынтымақтастықпен ерекшеленеді.

«Энергетика — екі елдің экономикалық тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігінің стратегиялық факторы. Бүгінгі таңда біз мұнай-газ саласында, электр энергетикасында, жаңартылатын энергия көздері бойынша өзара іс-қимылды нығайтудың, сондай-ақ бірлескен инвестициялық жобаларды іске асырудың зор мүмкіндіктерін көріп отырмыз. Мемлекеттеріміздің басшылары деңгейіндегі диалог практикалық ынтымақтастыққа қосымша серпін бергеніне сенімдімін. Бұл тәжірибе алмасуға және елдеріміз үшін пайдалы нақты жобалардың іске асырылуына ықпал етеді», — деді ҚР Энергетика министрі.

Келіссөздер барысында Ерлан Ақкенженов энергетика саласындағы негізгі басымдықтар мен Қазақстанның мүмкіндіктерін таныстырды. Кездесуге қатысушылар белгіленген жоспарларды іске асыру экономикалық дамуды ынталандырып, Астана мен Белград арасындағы екіжақты байланыстарды нығайта түсетініне сенім білдірді.