Энергия нарығындағы ірі компаниялар қуат көздерін жаңғырту жоспарларын таныстырды

Энергия нарығындағы ірі компаниялар қуат көздерін жаңғырту жоспарларын таныстырды

Астана, 2026 жылғы 9 ақпан – Көмір генерациясын дамытуға арналған Ұлттық жоба аясында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға салалық министрліктердің басшылары, ірі энергия өндіруші компаниялар, жер қойнауын пайдаланушылар және қаржы институттарының өкілдері қатысып, энергетиканың базалық саласын дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Дөңгелек үстелде электр стансаларын жаңғырту, көмір өндіру көлемін ұлғайту және өндірістегі көміртек шығарындыларын азайту мәселелері бойынша стратегиялық сессиялар өтті.
Алдымен «ОАЭК» АҚ акционері Сергей Кан қолданыстағы көмір электр стансаларын жаңғырту жоспарларымен бөлісті. Жобалар өндірістік шығарындыларды азайтуға және экологиялық көрсеткіштерді жақсартуға бағытталған. Стансалардың қуатын ұлғайту қосымша эмиссиялардың алдын алу үшін заманауи технологияларды енгізуді талап етеді. Осы мақсатта тиімділігі 92 пайыздан жоғары селективті каталитикалық тазалау жүйелерін, 99,9 пайыз тиімділігі бар электрофильтрлерді және әктас негізіндегі күкіртсіздендіру жүйелерін қолдану болжанған. Ұзақмерзімді стратегияның негізгі бағыты көмірқышқыл газын ұстау және сақтау технологиясын енгізу болмақ. Бұл бағыттағы алғашқы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жоба KІNG компаниясы тарапынан технологиялық серіктес SLB-мен бірлесіп жүзеге асырылды.
Өз кезегінде «Kazakhmys Energy» ЖШС бас директоры Темірлан Өтегенов 2032 жылға дейін көмір генерациясын дамытуға арналған стратегиялық жоспарлар туралы айтты. Аталған жоспар аясында жаңа қуат көздерін салуға және қолданыстағы нысандарды жаңғыртуға 1,2 трлн теңгеден астам инвестиция тарту көзделген. Негізгі жоба ретінде Курчатов қаласында қуаты 700 МВт болатын көмір электр стансасын салу жоспарланып отыр. Қолданыстағы активтерді жаңғырту бағдарламасы электр энергиясын өндіру көлемін 390 МВт-қа арттыруға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында Топар МАЭС-інде жаңа блок салу, сондай-ақ Жезқазған және Балқаш жылу электр орталықтарын жаңғыртып, әр стансаның қуатын 65 МВт-қа ұлғайтатын жаңа турбоагрегаттар орнату ойластырылған.
«Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС акционері Дінмұхамед Ыдырысов даму стратегиясын таныстырып, көмір генерациясын Қазақстанның теңгерімді энергетикалық жүйесінің негізгі элементі ретінде қарастыратынын атап өтті. 2009-2015 жылдары «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында Қарағанды ЖЭО-3 кеңейтіліп, қуаты 670 МВт-қа жеткізілген және елдегі ең ірі жылу электр орталығына айналған. Осы табысты тәжірибеге сүйене отырып, топ қазіргі уақытта өз активтерін ауқымды жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда. Қазіргі таңда Қарағанды қаласында ЖЭО-3-ті кеңейтудің келесі кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында №7 турбоагрегат пен №9 қазанагрегатын салу көзделген. Бұл шаралар энергияға деген өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз етуге және экологиялық көрсеткіштерді жақсартуға жағдай жасайды. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында Өскемен ЖЭО-сын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында турбоагрегат пен қазанагрегат орнату жоспарланып отыр. Бұл шара қаланың жылу тапшылығын жоюға және шығарындыларды азайтуға бағытталған.
Басқосуда «Қаражыра» АҚ бас директоры Ильяр Низамов та көмір саласын дамытуға арналған кешенді жоспарын ұсынды. Жоспарға сәйкес, «Қаражыра» разрезінде көмір өндіру көлемі 2029 жылға қарай 73%-ға өсіп, жылына 14,2 млн тоннаға жетеді. Өндіріс көлемін арттыру Семей, Өскемен және Курчатов қалаларында салынып жатқан жаңа жылу электр орталықтарын отынмен қамтамасыз ету үшін қажет. Аталған стансалардың жалпы жылдық көмірге сұранысы шамамен 6 млн тоннаны құрайды. Жоспардың жүзеге асырылуы жаңа көмір генерациясы үшін сенімді негіз қалыптастырып, Шығыс Қазақстан мен Абай облысының энергетикалық қауіпсіздігін ұзақмерзімге қамтамасыз етеді.