Энергетика министрі мен Ұлыбритания елшісі «ақылды желілер» мен сутегі жобаларын дамыту жоспарын талқылады

Энергетика министрі мен Ұлыбритания елшісі «ақылды желілер» мен сутегі жобаларын дамыту жоспарын талқылады

Астана, 2026 жылғы 5 ақпан — Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстандағы Ұлыбританияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Салли Аксвортимен кездесті. Кездесу барысында мұнай-газ саласындағы стратегиялық серіктестікті нығайту және энергетика секторын экологиялық тұрғыдан тұрақты дамыту мәселелері талқыланды.

Министр ведомствоның ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізіп, алдағы уақытта дәстүрлі өндіру модельдерінен инновациялық шешімдерді енгізуге көшу қажеттігін айтты. Тараптар сутегі энергетикасын дамыту, «ақылды желілерді» (Smart Grids) енгізу және өндірістік нысандардың энергия тиімділігін арттыру мәселелеріне баса назар аударды.

«Қазақстан Лондонмен серіктестікті кеңейтуге дайын, біздің қызығушылығымыз шикізат өндіруден бастап, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және энергия тиімділігін арттыруға дейінгі барлық бағытты қамтиды. Бүгінгі кездесу екі ел арасындағы терең технологиялық тәжірибе алмасудың негізін қалайды», — деді Ерлан Ақкенженов.

Кездесу барысында тараптар метан шығарындыларын азайту жөніндегі жаһандық міндеттемелерді (Global Methane Pledge) талқылады. Қазақстан мұнай-газ және көмір өнеркәсібінде зиянды газдарды азайтуда жүйелі жұмыс істеп, халықаралық сараптамалар мен жабдықтарды жаңартуға инвестиция тартады.

Басқосуда министр британдық тарапты елдің электр энергетикасын дамыту жоспарларымен таныстырды. 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 15%-ға жетеді деп жоспарланған. Сонымен қатар, көмір саласында «таза көмір» принциптері енгізіліп, зиянды шығарындыларды азайтуға күш салынуда.

Сөз соңында Ерлан Ақкенженов британдық тараппен тұрақты пікір алмасуға дайын екенін білдірді. Министр жүйелі диалог бірлескен жобаларды тиімді іске асыруға және екі елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік беретініне сенімді екенін атап өтті.