
Астана, 2026 жылғы 5 ақпан — Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Аккенженов саланың жетекші сарапшылары мен аналитиктерімен кездесті. Кездесу барысында жаңа Конституция жобасы аясында отын-энергетика кешенін (ТЭК) реформалау мәселелері қаралды.
Тараптар конституциялық өзгерістерді ескере отырып, энергетикалық саясатты іске асырудың нақты тетіктерін талқылап, саланы дамытуға қатысты ұстанымдарын пысықтады.
Ерлан Ақкенженов жаңа Конституция жобасын энергетика саласын дамытудың негізгі бағыт-бағдары ретінде атады. Оның айтуынша, жер қойнауын халықтың игілігі ретінде бекіту мемлекеттік басқарудың жаңа стандарттарын енгізуді талап етеді. Осы мақсаттағы негізгі құрал – жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша ашық электрондық аукциондар өткізу. Бұл тетік ресурстарға тең қолжетімділікті қамтамасыз етіп, мемлекет үшін тиімділікті арттырады. «Заң және Тәртіп» қағидаты ұзақмерзімді келісімшарттар мен инвесторлардың құқықтарын қорғауды қамьамасыз етеді.
Технологиялық даму бағытында министрлік өндірісті міндетті цифрландыруға және ғылымның рөлін күшейтуге басымдық беріп отыр. Ведомство басшысы инновациялар жер қойнауын пайдаланушылар үшін құқықтық талапқа айналатынын атап өтті. Бұл қолданыстағы және жаңа мұнай кен орындарында өндіру тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында саланың қолданбалы мәселелері талқыланып, минералдық-шикізат базасының жай-күйі де қаралды. Министрлік геологиялық барлау қарқынын бірнеше есе арттыруды және елдің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін жаңа табиғи газ кен орындарын игеруді көздеп отыр. Осы ретте жер қойнауын пайдалану саласындағы аукциондар учаскелерді бөлудің ашық тетігі ретінде қарастырылды.
Инвестициялық ахуалды талқылау барысында тарифтік саясат та назардан тыс қалмады. Министрліктің ұстанымы — әділ баға қалыптастыру арқылы жаңа қуаттарды іске қосуға жағдай жасау. Сонымен қатар, басқосуда парниктік газдар шығарындыларын азайту және саланы әртараптандыру тетігі ретінде көмір химиясын дамыту жайы қозғалды. Ведомство басшысы жаңа технологияларды енгізу арқылы қолданыстағы мұнай кен орындарында өндіру көлемін арттыру қажеттігін атап өтті.
Мұнай өнімдері нарығын талқылау барысында сарапшылар отандық мұнай өңдеу зауыттарының экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды.
Кездесу соңында Ерлан Ақкенженов сарапшылармен тұрақты өзара іс-қимыл жасауға дайын екенін білдірді. Министр жүйелі әрі кәсіби диалог энергетикалық қауіпсіздік пен ел экономикасының орнықты дамуы үшін салмақты шешімдер қабылдауда қажет екендігін атап өтті. Сарапшылар пікіріне құлақ асу мемлекеттік саясатты қалыптастыруда тұрақты құралға айналады.