
Орал, 2026 жылғы 4 ақпан – Энергетика министрлігі жанындағы Отын-энергетика кешені мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің көшпелі жұмыс кездесуі өтті. Жиында Қоғамдық кеңес төрағасы Жақып Хайрушев төрағалық етті.
Кездесуге Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің өкілдері, салалық басқармалар, өңірдің энергетикалық және коммуналдық кәсіпорындары, сондай-ақ аймақтық Қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты.
Отырыста Батыс Қазақстан облысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту (ЭКСЖ)» ұлттық жобасының іске асырылу барысы, өңірді энергиямен қамтудың қазіргі жағдайы және “Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясының” қызметіне қатысты өзекті мәселелер қаралды.
Талқылау барысында «ЭКСЖ» ұлттық жобасының инфрақұрылымды жаңартудағы маңызы атап өтілді. Жобаны іске асыру тек техникалық жаңғыртумен шектелмей, басқару тәсілдерін жетілдіруді де талап ететіндігі айтылды. Сондай-ақ есепке алу құралдарын енгізу, цифрландыру және интеллектуалды есеп жүйелерінің деректерін пайдалану арқылы шығындарды азайту, төлем жинауды арттыру және электр желілерін басқарудың тиімділігін көтеру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жиында өңірлік электр желілік компанияның қаржылық тұрақтылығына қатысты жағдай да көтеріліп, проблемалардың жүйелі сипаты электр энергиясы нарығының қолданыстағы моделі, тарифтік реттеу және қаржылық алшақтықтармен байланысты екені атап өтілді. Осыған орай желілік инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған қосымша ұйымдастырушылық және институционалдық шешімдерді қарастыру ұсынылды.
Талқылау барысында еспке алу құралдарымен жабдықтау және цифрландыру жобаларын іске асыру кезінде отандық тауар өндірушілерді тартудың маңыздылығы да ескертілді.
Кездесу қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысындағы энергетикалық дамудың негізгі мәселелерін сараптамалық және қоғамдық сүйемелдеу, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдардың қарауына енгізуге болатын нақты ұсыныстарды әзірлеу үшін ҚР Энергетика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес алаңын пайдалану жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі елдің энергетикалық жүйесінің сенімді және тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында өңірлермен, кәсіпкерлермен және жұртшылықпен өзара іс-қимылды жалғастыра береді.