
2026 жылғы 3 ақпан – ҚР Энергетика министрінің тапсырмасына сәйкес Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаев Түркістан облысы мен Алматы қаласындағы негізгі жобаларға жұмыс сапарымен барды.
Жұмыс сапары аясында ол Түркістан облысындағы қуаттылығы 1000 МВт болатын бугаз электр станциясының құрылыс алаңына барып, жұмыстардың орындалу барысымен танысты. Қазіргі уақытта төрт газ турбинасы мен генераторды уақытша тіректерге орнату жұмыстары аяқталған.
Жұмыс кеңесі барысында құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалуы, газ инфрақұрылымын дайындау, электр берудің әуе желілерін тарту, сондай-ақ алғашқы газ турбинасын және жалпы электр станциясын уақытылы іске қосу үшін аса маңызды басқа да мәселелер қаралды.
Сонымен қатар, Комитет төрағасы Алматы қаласындағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 қайта жаңғырту жобаларына барып, реконструкция жұмыстарының барысымен танысты және жауапты тұлғалардың есептерін тыңдады. ЖЭО-3 алаңында мердігер ұйым өкілдерімен жұмыс кеңесі өткізіліп, анықталған бұзушылықтарды жою бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Түркістан облысы мен Алматы қаласындағы жобалар Үкіметтің ерекше бақылауында. Комитет төрағасы елдің оңтүстік өңірлерінде электр энергиясы тапшылығының сақталуын ескере отырып, жобаларды іске асыру қарқынын жеделдету қажеттігін атап өтті. Сапар қорытындысы бойынша құрылыс мерзімдерін қатаң сақтау, нысандардағы жұмысшылар санын арттыру және жұмыстарды уақтылы аяқтау жөнінде тапсырмалар берілді.
Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларының іске асырылуына жүйелі бақылауды жалғастырады.