Энергетика министрлігі және «Газпром» бірлескен үйлестіру кеңесінің екінші отырысын өткізді

Энергетика министрлігі және «Газпром» бірлескен үйлестіру кеңесінің екінші отырысын өткізді

ҚР Энергетика министрлігі және «Газпром» газ саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге арналған Бірлескен үйлестіру кеңесінің отырысын өткізді.

Отырысқа ҚР энергетика вицеминистрі Қайырхан Тұтқышбаев, «Газпром» ААҚ басқарма төрағасының орынбасары Виталий Маркелов және QazaqGaz бен Газпром-ның басшылығы қатысты.

Күн тәртібіне газ тасымалдау жүйесін дамыту жөніндегі бірлескен жұмыс тобы жұмысының перспективалары, газ қоймаларын пайдалану саласындағы ынтымақтастық, технологиялық даму және ғылымитехникалық жобалар шығарылды.

Тараптар арасындағы ынтымақтастық бұрын жасалған келісімдер аясында дамып келеді. Өткен жылы 8 қазанда өткен Петербург халықаралық газ форумында «Газпром» мен Қазақстан Үкіметі Астанадан Петропавлға дейінгі «Сарыарқа» магистралын кеңейту арқылы Көкшетау мен Петропавлдың газдандырылуын жүзеге асыру жөнінде меморандумға қол қойды.

Кездесуге қатысушылардың айтуынша, бірлескен үйлестіру кеңесін құру бастамасы Қазақстан мен Ресейдің газ саласындағы ынтымақтастығын әрі қарай дамытуға деген өзара мүдделілігін көрсететін маңызды қадам. Кеңес әрекеттерді үйлестіру, диалогты тереңдету және серіктестікті нығайтуға әрі өңірдегі энергетикалық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған тұрақты алаң болады деп күтілуде.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен үйлестіру кеңесі аясындағы 2026-2027 жылдарға арналған жұмыс топтарының Іс-шаралар жоспарына қол қойды.