
Астана – Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің проректоры Марғұлан Ибраимовпен кездесу өткізді. Кездесу барысында отын-энергетика кешенінде Салалық технологиялық құзыреттер орталығын құру тұжырымдамасы мақұлданды.
Жаңа құрылымның жұмыс моделі жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетін, бизнестің мүмкіндіктерін және мемлекеттің стратегиялық міндеттерін біріктіретін бірыңғай технологиялық экожүйе құруды көздейді. СТҚО-ның негізгі қызметі энергетика саласындағы инвестициялық жобаларды талдау, қалыптастыру және сүйемелдеу үшін заманауи цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын пайдалану болады. Сонымен қатар, Орталық озық технологияларды трансферттеумен және жаңа формациядағы кадрларды даярлаумен айналысады.
СТҚО-ның базалық алаңы ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті айқындалды. Бұл таңдау университеттің заманауи ғылыми-білім беру инфрақұрылымының, қуатты есептеу кластерінің — «ҚазҰУ суперкомпьютерінің», сондай-ақ кең халықаралық әріптестік желісінің болуымен байланысты. Аталған мүмкіндіктер мұнай-газ және электр энергетикасы салаларының қажеттіліктері үшін күрделі есептеулер жүргізуге және процестерді модельдеуге мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылық мәселелерді талқылау барысында Энергетика министрі университеттің бастамасын қолдап, оның стратегиялық маңызын атап өтті. Министрдің айтуынша, құзыреттер орталығын құру қолданбалы ғылым мен инвестицияны бір арнаға тоғыстырып, Қазақстанда инновациялық энергетиканы дамытуға серпін береді. Кездесу қорытындысында Орталықтың Энергетика министрлігіне қарасты ұйымдармен тиімді өзара іс-қимыл тетіктерін пысықтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.