Екібастұздағы жаңа жел электр станциясы 3,4 млрд кВт·сағ «жасыл» энергия өндіреді

Екібастұздағы жаңа жел электр станциясы 3,4 млрд кВт·сағ «жасыл» энергия өндіреді

Астана – Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ҚХР-ның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинмен кездесу өткізді. Тараптар жобаның белсенді кезеңге өтуі үкіметаралық уағдаластықтарды іс жүзінде орындау екенін атап өтіп, стратегиялық серіктестіктің маңыздылығын растады.

Келіссөздердің негізгі нәтижесі ҚР Энергетика министрлігі, «State Power Investment Corporation» корпорациясы және «Pavlodar Green Energy» ЖШС арасында Павлодар облысында қуаттылығы 1 ГВт жел электр станциясын салу бойынша құжаттар пакетіне қол қою болды.

Келісімге қол қоюға қатысты пікір білдірген Ерлан Ақкенженов жобаның технологиялық құрамдас бөлігінің маңыздылығын атап өтті.

«Жоба өңір экономикасына шамамен 1,2 млрд доллар тікелей инвестиция тартады. Жаңа станцияның энергия жинақтау жүйелерімен жабдықталуы – біз үшін өте маңызды. Бұл ЖЭК өндірісіндегі табиғи ауытқуларды теңестіруге және еліміздің Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне тұрақты қуат беруге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Министр.

Екібастұз қаласында ЖЭС-тің іске қосылуы жыл сайын 3,4 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндіруге және газ шығарындыларын 2 млн тонна CO₂-ге дейін қысқартуға мүмкіндік береді, бұл Қазақстанның энергетикалық теңгерімін нығайтуға елеулі үлес қосады.

Бұл бастама халықаралық серіктестіктің тиімділігін және Қазақстанның энергетика саласындағы озық шешімдерді енгізуге дайындығын айқын көрсетеді.