
Қазақстанда тәуекел факторларын ескере отырып, техникалық куәландыруды көздейтін құбыр желілері жүйелеріне арналған Risk Based Inspection (RBI) әдіснамасы кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Премьер-министр Олжас Бектенов өткізген ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінде елімізде ұлттық стандарт бекітілген және тәуекелге бағдарланған тәсілге негізделген техникалық куәландырудың тиісті рәсімдері енгізілген.
RBI әдіснамасы қазіргі уақытта практикалық және пилоттық сынақтан өтуде және мұнай өңдеу зауыттарында да, бірқатар мұнай-газ компанияларында да қолданылады. Болашақта бұл осы бақылау технологиясына толығымен көшуге мүмкіндік береді.
Министр үш қазақстандық компанияға RBI енгізу өзінің тиімділігін растағанын атап өтті.
Атырау, Павлодар және Шымкент қалаларындағы отандық МӨЗ-дерде RBI әдіснамасын жүйелі қолдану тәуекелге бағдарланған қадағалау тәсілінің тиімділігін дәлелдеді. Бұл тәжірибені енгізу жабдықтың істен шығу ықтималдығын азайтып қана қоймай, ресурстарды ұтымды пайдалануды қамтамасыз ете отырып, инспекция жұмысын оңтайландыруға мүмкіндік берді, — деп атап өтті ол.
Халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстан тәуекелге бағдарланған техникалық куәландыруды, әуелі технологиялық құбыр желілеріне қатысты, кейіннен корпоративтік стандарттар мен бақылаудың озық әдістеріне бейімдей отырып, қолдану аясын кеңейтуді жоспарлап отыр.