
Астана, 2026 жылғы 27 қаңтар – Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің өкілдері Корея Республикасының Экспорт-импорт банкі (Korea Eximbank) делегациясымен кездесті. Тараптар энергетикалық ауысу бағытындағы ынтымақтастық перспективаларын және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу барысында корей тарапы Economic Innovation Partnership Program (EIPP) бағдарламасын таныстырып, оның мақсаттары, іске асыру тетіктері мен кезеңдері, сондай-ақ Korea Eximbank-тің бағдарлама үйлестірушісі және EIPP аясында әзірленетін жобалардың қаржылық серіктесі ретіндегі рөлі жөнінде мәлімет берді.
Жиында бағдарламаның Корея Үкіметінің гранттық бастамасы екені айтылды. EIPP мемлекеттік саясатты әзірлеуге, мастер-жоспарлар мен техникалық-экономикалық негіздемелерді дайындауға бағытталған және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Кездесуге ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс қатысып, ұсынылған бағдарламаның өзектілігін және саланы дамытудағы басымдықтарға сәйкестігін атап өтті.
«Қазақстан үшін энергетика секторын дамыту, энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыру және халықаралық қаржыландыруды тарту басты міндеттердің бірі. EIPP бағдарламасы инновациялық жобалық шешімдерді әзірлеу және инфрақұрылымдық бастамаларды іске асыру тұрғысынан практикалық қызығушылық тудырады», – деді вице-министр.
Энергетикалық ауысым бағытындағы инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесін талқылау барысында қазақстандық тарап Алатау Сити қаласының құрылысын корей бизнесінің қатысуымен жүзеге асырылатын әлеуетті инвестициялық және инфрақұрылымдық жоба алаңы ретінде қарастыруды ұсынды.
Сонымен қатар тараптар әділетті энергетикалық ауысудың инвестициялық платформасын (JETP) құру бойынша ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік танытты. Жоспарланған платформа энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, жобаларды құрылымдау, сүйемелдеу және қаржыландыруға, сондай-ақ озық технологиялық және цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталмақ.
Корей тарапы EIPP бағдарламасы аясында бірлескен жобалар мен ұсыныстарды қарастыруға дайын екенін мәлімдеді.