
2026–2027 жылдардың күзгі-қысқы кезеңдеріне дайындық аясында Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі қазандықтар мен жылу желілерін жөндеу жөніндегі 2026 жылға арналған жоспарларды қарастыруда.
Аталған жұмыс Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті мен Электр энергетикасын дамыту департаментінің қатысуымен жүргізілуде. Күн тәртібінде 2025 жылғы жөндеу науқанының қорытындыларын тыңдау, жылумен жабдықтау саласындағы негізгі бағыттар мен проблемалық мәселелерді талқылау, сондай-ақ 2026 жылға арналған басым міндеттерді айқындау мәселелері қарастырылуда.
Негізгі басымдық «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға және 2029 жылға қарай жылу желілерінің тозу деңгейін 42 %-ға дейін төмендету жөніндегі нысаналы көрсеткішке қол жеткізуге берілді.
Қазіргі таңда еліміздің 11 өңірінен 33 субъектінің жоспарлары тыңдалды. Олардың қатарында Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Абай, Жетісу облыстары бар.
Тыңдау қорытындысы бойынша әрбір энергия кәсіпорнына нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы аймақтық департаменттердің бақылауына жүктелді.
Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша республика бойынша жалпы ұзындығы 323 шақырымды құрайтын жылу желілеріне қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде елдегі жылу желілерінің тозу деңгейі 52 %-дан 50 %-ға дейін төмендеді.