
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Азаматтарды қабылдау орталығында тұрғындарды жеке қабылдады. Қабылдау барысында өңірлерді газдандыру және салаға ғылыми әзірлемелерді енгізу мәселелері негізгі тақырыптар ретінде көтерілді.
Шығыс Қазақстан өңірін газдандыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Зайсан қаласының тұрғыны Манат Далабаев ауданның сегіз елді мекенін газға қосу жөніндегі мәселені көтерді. Ерлан Ақкенженов Энергетика министрлігі Зайсан ауданында газ желілерін салу жобасы бойынша барлық келісу рәсімдерін аяқтағанын хабарлады. Жобаны одан әрі іске асыру, оның ішінде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және сараптамадан өткізу Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің құзыретіне жатады. Жалпы, жоба толық іске асырылғанға дейін мәселе Энергетика министрлігінің бақылауында болады.
Сонымен қатар, қабылдау барысында ғылыми-техникалық даму мәселелері қаралды. Саян Хабиденов елдің энергетикалық кешендерінің тиімділігін арттыруға бағытталған алдыңғы қатарлы инженерлік шешімдерді енгізу ниеті туралы баяндады.
Кездесуде ғылымды қаржыландыру республикалық бюджет гранттары есебінен конкурстық негізде жүзеге асырылатыны түсіндірілді. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2026 жылдан бастап жер қойнауын пайдаланушылардың ҒЗТКЖ-ға арналған міндетті аударымдары бюджетте орталықтандырылатын болады.
Конкурстарға аккредиттелген ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілері, оның ішінде жеке тұлғалар да қатыса алады. Ведомство басшысы өтініш берушіге тиісті конкурстарға қатысу тәртібі мен шарттарын жан-жақты түсіндірді.
Көтерілген барлық мәселелер бойынша Ерлан Ақкенженов құрылымдық бөлімшелердің басшыларына нақты тапсырмалар берді. Олардың орындалуы жеке бақылауға алынды.