Қазақстан мен АҚШ энергетика саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Қазақстан мен АҚШ энергетика саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Астана, 2026 жылғы 23 қаңтар – Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінде АҚШ Энергетика министрлігі мен АҚШ Елшілігінің өкілдері Дэвид Уилбор мен Гордон Тейттің қатысуымен кездесу өтті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін және оны одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Қазақстанның мұнай-газ саласындағы стратегиялық басымдықтарын іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды. ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов ірі мұнай-газ жобаларының ел экономикасы мен энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті.
Мұнай-газ саласымен қатар көмір өнеркәсібі мен көмір химиясын дамыту мәселелері де жіті қаралды. Кездесу барысында көмірді өңдеудің заманауи технологияларын енгізу мүмкіндіктері, өндірістің тиімділігі мен экологиялық қауіпсіздігін арттыру, сондай-ақ көмір-химия жобалары бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту жолдары талқыланды.
Сонымен қатар кездесуде Қазақстан мен АҚШ арасындағы Strategic Energy Dialogue (SED) платформасының маңыздылығы атап өтілді. Аталған алаң сараптамалық ынтымақтастықты кеңейтуге, үздік тәжірибемен алмасуға және энергетикалық саясаттың басым бағыттары бойынша ортақ тәсілдер қалыптастыруға мүмкіндік беретіні айтылды.
Кездесу қорытындысы бойынша қос тарап энергетика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, стратегиялық диалогты дамытуға және Қазақстанның CERAWeek-ті қоса алғанда негізгі халықаралық салалық алаңдарға белсенді қатысуға өзара мүдделілігін растады.