
ҚР энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында Мемлекет басшысының табиғи газдың әлеуетін күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Ол газ саласының ұзақмерзімді ресурстық базасын нығайту және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «QazaqGaz» ұлттық компаниясымен геологиялық барлау жұмыстарының кешенді бағдарламасын жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Қазіргі уақытта шамамен 515 млрд текше метр газды алдын ала ресурстық бағалаумен жер қойнауының 14 учаскесінде жұмыстар жүргізілуде.
Орта мерзімді перспективада геологиялық барлау портфелін газдың жиынтық ресурстық бағасы шамамен 1,7 трлн текше метр болатын 30 учаскеге дейін кеңейту көзделеді. Бұл өндірісті ұлғайту және болжамды ішкі сұранысты жабу үшін тұрақты негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді, — деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Сонымен бірге инвестициялық қызметті жандандыру және геологиялық тәуекелдерді бөлу мақсатында жер қойнауының 50 жуық учаскесін электрондық аукциондарға шығару жоспарлануда. Осы учаскелерде геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыру «QazaqGaz», «Самұрық-Қазына» және инвесторлардың қаражаты есебінен қамтамасыз етілетін болады.