
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі 2026 жылғы 13 қаңтарда Қара теңіз акваториясында, КҚК теңіз терминалы маңында Қазақстанның экспорттық мұнайын тасымалдауға қатысқан екі кемеде тіркелген келеңсіз оқиғалар туралы ақпаратты ресми түрде растайды.
Мальта туымен жүрген «Matilda» танкері «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қосалқы ұйымы арқылы жалға алынған және ҰҰА шабуылына ұшырағаны расталды. Кемеде жарылыс тіркелгенімен, өрт шықпаған. Экипаж арасында зардап шеккендер жоқ. Техникалық қызметтердің алдын ала бағалауына сәйкес, танкер теңізде жүзуге қабілетті, кеменің корпусында аса қауіпті зақымданулар анықталмаған.
Либерия туымен жүрген «Delta Harmony» танкері де жүктеу жұмыстарына дайындық кезеңінде ұшқышсыз ұшу аппараты шабуылына ұшырағаны расталды. Салдарынан өрт шығып, жедел сөндірілген. Экипаж мүшелері зардап шеккен жоқ. Оперативтік штаб деректеріне сәйкес, оқиға кезінде кемеге мұнай тиеу жұмыстары жүргізілмеген, жүк цистерналары бос болғандықтан, Қазақстан Республикасының экспорттық ресурстарына зиян келтірілмеген.
Энергетика министрлігі логистикалық тізбектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспорттық жеткізілімдердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында «ҚазМұнайГаз» ұлттық операторымен, консорциум әкімшілігімен және кемелер иелерімен іс-қимылдарды жедел түрде үйлестіріп отыр.