БҚО, Астана және Шымкентте сұйытылған мұнай газын тарату цифрлық сервисінің пилоттық жобасы басталды

БҚО, Астана және Шымкентте сұйытылған мұнай газын тарату цифрлық сервисінің пилоттық жобасы басталды

Энергетика министрлігінде Астана қаласында, Шымкент қаласында және Батыс Қазақстан облысында сұйытылған мұнай газын бөлудің цифрлық сервисі бойынша пилоттық жобаны тестілеу басталады.
Бұл тақырыпқа арналған «ҚР ішкі нарығына тауар биржаларынан тыс сұйытылған мұнай газын жеткізу және бөлу жоспары» цифрлық сервисінің пилоттық іске қосылуына арналған кеңес өтті.
Кеңес Энергетика министрлігінің жетекшілік ететін вице-министрлерінің төрағалығымен, Астана және Шымкент қалаларының, Батыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органдарының өкілдерінің, «Қазақстанның отын қауымдастығының», сондай-ақ сұйытылған мұнай газы нарығы субъектілерінің қатысуымен өтті.
Іс-шара барысында цифрлық сервистің әзірленуі Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылып жатқаны және ішкі нарықта сұйытылған мұнай газын бөлу үдерістерінің ашықтығын, басқарылуын және тиімділігін арттыруға бағытталғаны атап өтілді.
Бүгінгі таңда цифрлық сервисті әзірлеудің негізгі кезеңі аяқталды, үдерістің барлық қатысушыларының рөлдері айқындалды, өтінімдерді беру және өңдеу тетігі іске асырылды, сондай-ақ бөлінетін сұйытылған мұнай газы көлемін есептеу автоматтандырылды. Жүйе газ және газбен жабдықтау саласындағы қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес әзірленген.
Кеңес аясында цифрлық сервисті пилоттау кезеңінің басталғаны жарияланды. Пилоттау жергілікті атқарушы органдар мен нарық субъектілерінің қатысуымен жүргізіліп, функционалды апробациялауға, есептеулердің дұрыстығын тексеруге және қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылды пысықтауға бағытталады.
Пилоттау қорытындылары бойынша ескертулерді жинау және талдау, сондай-ақ цифрлық сервисті өнеркәсіптік пайдалануға енгізер алдында оны жетілдіру жоспарланып отыр.
Энергетика министрлігі аталған цифрлық сервисті енгізу сұйытылған мұнай газын бөлудің ашық әрі цифрлық тетігін қалыптастырудағы маңызды қадам болатынын және ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз етуге ықпал ететінін атап өтеді.