
Энергетиктер күнінде ҚР Энергетика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы Жақып Хайрушевтің жетекшілігімен елдің электр энергетикасындағы маңызды нысандардың бірі — Екібастұз ГРЭС-1 базасында көшпелі отырыс өткізді.
Қоғамдық кеңестің жұмысы «Богатырь» көмір разрезін бақылау алаңынан танысудан басталды. Разрез жылына шамамен 45 млн тонна көмір өндіреді және Екібастұз электр станциялары үшін отын жеткізу тізбегінің негізгі буыны болып табылады. Сапар барысында отын жеткізудің тұрақтылығы мен көмірдің баға параметрлері талқыланды.
Екібастұз ГРЭС-1 аумағында Қоғамдық кеңес мүшелері негізгі жабдықтардың жай-күйімен және жаңа түтін мұржасының құрылысының барысымен танысты. Өнеркәсіптік қауіпсіздік, техникалық тәуекелдер және жүктеменің шекті кезеңдеріндегі станция жұмысының сенімділігі мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Отырыс аясында күн тәртібінің негізгі мәселелері қаралды, оның ішінде:
электр станцияларын, электр және жылу желілерін пайдалану, жөндеу және жобалау кезінде нормативтік-техникалық құжаттаманың жеткіліксіздігіне байланысты проблемалар, сондай-ақ анықталған қайшылықтар мен нақты емес тұжырымдарды ескере отырып, қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді қайта қарау қажеттілігі;
Энергетика министрлігінің құзыреті шеңберінде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы;
Электр энергиясының бірыңғай сатып алушысының қызметі, қолданыстағы жүйелік мәселелер және оны одан әрі дамыту бағыттары.
Баяндамалармен Энергетика министрлігінің өкілдері сөз сөйледі. Күзгі-қысқы кезеңге дайындық және жаңғырту бағдарламаларын іске асыру мәселелері Екібастұз ГРЭС-2 мен Екібастұз ЖЭО тарапынан жан-жақты таныстырылды.