ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың Энергетиктер күніне орай құттықтауы

ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың Энергетиктер күніне орай құттықтауы

Құрметті энергетиктер мен ардагерлер!

Сіздерді басты кәсіби мерекеміз – Энергетиктер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Энергетика – Қазақстан экономикасы мен халықтың берекесін қамтамасыз ететін берік негіз. Үйлердегі жарық пен жылу, зауыттар мен мектептердің үздіксіз жұмысы – мұның бәрі сіздердің тәулік бойғы тынымсыз еңбектеріңіздің нәтижесі.

Өтіп бара жатқан жыл біз үшін төзім мен кәсібилікті сынға салған, сонымен қатар ірі жетістіктерге толы жыл болды.

Біз бірге жағдайды түбегейлі өзгерте алдық. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында еліміз бойынша ауқымы бұрын-соңды болмаған жөндеу науқанын жүргіздік. Жылу және электр желілерін, станциялардың негізгі тораптарын жаңарттық. Соның нәтижесінде көп жылдар бойы алғаш рет инфрақұрылымның тозуын тоқтатып, бүкіл жүйенің сенімділігін арттырдық.

Биыл рекордтық 122 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндірілмек. Бұл – энергетика жүйеміздің дамып келе жатқанын және мемлекеттің өскен қажеттіліктерін сенімді қамтамасыз етіп отырғанын айқын көрсетеді. Біз жаңа қуаттарды табысты іске қосып, өнеркәсіп алыптарын жаңғыртып, «жасыл» генерацияны белсенді дамытып келеміз.
Қызылорда және Түркістан облыстарында жаңа газ жылу электр станцияларын салу жобалары жүзеге асуда. Осындай жобалар Астана мен Шымкент қалаларында да іске қосылады. Көкшетау, Семей, Өскемен, Курчатов пен Екібастұзда станциялар «таза көмір» технологиялары бойынша салынбақ.

Алайда, ешқандай турбиналар мен цифрлық жүйелер адамсыз жұмыс істемейді. Саланың басты байлығы – сіздер. Инженерлер, диспетчерлер, монтерлер, жөндеушілер – нағыз болаттай берік жандар.

2035 жылға дейін алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Бізге энергетикалық жүйенің қуатын екі есеге арттыру қажет. Бұл алда бізді жасампаздық жылдары, ауқымды құрылыс нысандары және ертеңгі күнге деген сенім күтіп тұрғанын білдіреді.

Кәсібіңізге деген адалдық пен халыққа жарық пен жылу сыйлап жүрген еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін.
Сіздерге апатсыз жұмыс, мықты денсаулық және жаңа жеңістерге жетелейтін қуат тілеймін!

Мерекелеріңізбен!