
22 желтоқсан – энергетиктерге көрсетілер құрмет пен адал еңбектің лайықты бағаланатын күні. Бұл мереке жарық пен жылудың, өндірістегі тұрақтылық пен сенімділіктің үздіксіз қамтамасыз етілуіне үлес қосып жүрген мамандарға арналған.
Қаражанбас кен орнындағы өндірістік және әлеуметтік нысандардың үздіксіз жұмыс істеуі «Қаражанбасмұнай» АҚ электр цехы ұжымының тәулік бойғы еңбегіне тікелей байланысты. Кен орнын электр энергиясымен қамтамасыз ететін бұл цехты тұтас өндірістің күретамыры деуге толық негіз бар.
Электр цехында екі вахтаны қоса алғанда 200-ден астам білікті маман еңбек етеді. Олар сегіз жүйелі ауданға, электрмонтаждау бөлімшесіне, электротехникалық зертханаға, автоматтандырылған электр жетек бөлімшесіне, сондай-ақ бұрғылау және ұңғыларды жерасты жөндеу нысандарына қызмет көрсетеді. Энергетиктердің кәсібилігі мен жедел әрекет етуінің арқасында апаттық ажыратулар саны жыл сайын азайып, өндіріс тұрақты режимде жұмыс істеп келеді.
Цехтың білікті мамандарының қатарында Әлібек Досыбаев, Қоңыратбай Бухаров және Сәкен Омаров бар. Олар күрделі электр жабдықтарына қызмет көрсетіп, жөндеу-монтаждау жұмыстарын қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып атқарады, сондай-ақ жас мамандарға тәжірибе үйретуге үлес қосуда.
Қаражанбас кен орнындағы әрбір қондырғының үздіксіз жұмысы мен әрбір шамның жануы – электр цехы ұжымының бірлескен еңбегінің нәтижесі. Жауапкершілігі жоғары, ұйымшыл ұжым өңір өндірісінің тұрақты дамуы жолында алдағы уақытта да аянбай еңбек ете береді.