
Астана, 2025 жылғы 19 желтоқсан — Энергетиктер күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов сала қызметкерлерімен кездесу өткізіп, оларды кәсіби мерекемен құттықтады. Салтанатты жиын барысында министр Мемлекет басшысының атынан бірқатар қызметкерлерге мемлекеттік наградалар табыстады.
Жиында министр энергетика саласының ел экономикасындағы стратегиялық маңызын атап өтті. Ол энергетика – ұлттық экономиканың негізгі тірегі, ал сала мамандарының күнделікті еңбегі миллиондаған қазақстандықтың үйіндегі тұрақтылық пен жайлылықтың кепілі екендігін айтты.
Министр өз сөзінде Энергетиктер күні –жоғары жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті талап ететін сала мамандарының мерекесі екенін баса айтты. Іс-шараға инженерлер, машинистер, диспетчерлер және электрмонтерлер қатысты. Олар елдің күрделі энергетикалық жүйесінің тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп келеді. Ерлан Ақкенженов тұрғын үйлердегі жарық пен жылу темірдей тәртіп пен тынымсыз еңбектің нәтижесі екенін ерекше атап өтті.
Жұмыс қорытындыларына тоқталған ведомство басшысы энергетика саласы тұрақты даму қарқынын көрсетіп отырғанын тілге тиек етті. 2024 жылдың нәтижесінде электр энергиясын өндіру көлемі 117,9 млрд киловатт-сағатты құрап, рекордтық көрсеткішке жетті. Ағымдағы жылы бұл деңгейден асып түсу жоспарлануда. Жөндеу бригадаларының кәсібилігі мен жергілікті жерлерде жүргізілген ауқымды жұмыстардың нәтижесінде өткен маусымда 323 шақырым жылу желісі жөнделді. Бұл қысқы ең жоғары жүктемелерді тұрақты еңсерудің тікелей кепілі болды. Қабылданған шаралар жабдықтардың тозу мәселесін еңсеруге мүмкіндік берді: тәуекелі жоғары аймақтан тоғыз негізгі ЖЭО шығарылды, ал ел бойынша тозу деңгейі 61 пайызға дейін төмендеді.
Сондай-ақ, саланың стратегиялық даму жоспарлары да айтылды. Министрдің мәлімдеуінше, сала қалпына келтіру кезеңінен даму кезеңіне өтуде. 2035 жылға дейінгі бекітілген даму жоспары 26,3 гигаватт жаңа қуат көздерін енгізуді көздейді. Жоспарда облыс орталықтарында заманауи жылу электр орталықтарын салу, елдің оңтүстігінде маневрлік бу-газ қондырғыларын іске қосу, жаңартылатын энергия көздерін белсенді дамыту, сондай-ақ Ұлттық электр желісін ауқымды жаңғырту, соның ішінде Батыс Қазақстанның энергия жүйесін елдің Бірыңғай жүйесімен біріктіру қарастырылған. Бұл бағыттарды іске асыруға «Жылу энергетикасы туралы» заңның қабылдануы және жаңа нарықтық модельдердің енгізілуі негіз болды.
Салтанатты шара марапаттау рәсімімен жалғасты. Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығына сәйкес, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі мен өндірістік қызметтегі еңбегі үшін саладағы үздік қызметкерлер «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен және «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов барлық қызметкерлерге мамандыққа адалдығы, төзімділігі және жанқияр еңбегі үшін алғыс айтты, сондай-ақ ардагерлерге сала дамуына қосқан үлестері үшін ерекше ризашылығын білдірді.