
Энергетиктер күні қарсаңында саладағы басты күш – өз еңбегімен үйлерімізге жарық пен жылу сыйлап отырған жандар туралы баяндаймыз.
Қарағанды ЖЭО-3-тің электр цехында Ковальчук энергетиктер әулеті еңбек етеді. Бүгінде станцияда бір әулеттің төрт өкілі қатар жұмыс істеп жүр. Олар үшін энергетика жай ғана мамандық емес, бірнеше буынды біріктірген өмірлік іс.
Әулеттің үлкені — Пётр Фёдорович Ковальчук энергетика саласына 30 жылдан астам уақытын арнаған, соның 20 жылын Қарағанды ЖЭО-3-те өткізген. Ол еңбек жолын мамандандырылған жөндеу кәсіпорнында слесарь-жөндеуші болып бастап, кейін ЖЭО-3-ке ауысып, кәсіби жолдың барлық сатысынан өтті. Қазіргі таңда ол Қарағанды ЖЭО-3 электр цехының жөндеу жөніндегі бастығының орынбасары қызметін атқарады.
Жұбайы Светлана Геннадьевна Ковальчук энергетика саласында 25 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол еңбек жолын электрмонтер болып бастап, соңғы 17 жыл бойы Қарағанды ЖЭО-3-те инженер-метролог қызметін атқарып, станциядағы өлшеу құралдарының дәлдігі мен сенімділігін қамтамасыз етіп жүр.
Үлкен ұлы Вячеслав Ковальчук бастапқыда болашағын IT саласымен байланыстырғысы келгенімен, энергетиканы таңдады. Колледж бен Томск университетін тәмамдағаннан кейін ол кабельші мамандығынан бастап, электротехникалық зертханада басты сызба инженері деңгейіне дейін кәсіби жолдан өтті.
Кіші ұлы Александр Ковальчук Қарағанды ЖЭО-3-ке жарты жыл бұрын жұмысқа орналасып, бүгінде электрослесарь болып еңбек етуде. Алғашында таңдаған мамандығына күмәнданғанымен, қазір кәсібіне бой үйретіп, білімін одан әрі жалғастыруды жоспарлап отыр.
Отбасы мүшелері бір кәсіпорында еңбек еткеніне қарамастан, цехта бір-бірімен сирек кездеседі — әрқайсының өз жауапкершілік аймағы бар. Ал үйде өндірістік тақырыптар жиі әңгіме өзегіне айналады.
Ковальчук әулеті өз мамандықтарындағы басты қасиеттер ретінде мұқияттылық пен жауапкершілікті атайды. Олар үшін энергетика — ұрпақтар сабақтастығын, кәсіби құндылықтар мен қала алдындағы жауапкершілікті қалыптастыратын ортақ іс.
Қарағанды ЖЭО-3 Қарағанды қаласының шамамен 80 пайызын жылумен қамтамасыз етеді. Станцияда екі қазан агрегатына және екі турбинаға күрделі жөндеу жүргізіліп, сондай-ақ алты қазан мен төрт турбинаға ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды. Қазіргі уақытта дамудың негізгі бағыты — станцияны кеңейту жобасы. Қаланың өсіп келе жатқан жылу және электр энергиясына деген сұранысын қамтамасыз ету үшін жаңа энергия блогының — №9 қазан агрегаты мен №7 турбоагрегаттың құрылысы жүргізілуде.