Қазақстандық сұйытылған мұнай газының төмен бағасы көлеңкелі экспортқа жағдай жасауы мүмкін

Қазақстандық сұйытылған мұнай газының төмен бағасы көлеңкелі экспортқа жағдай жасауы мүмкін

Бұл туралы бүгін, 22 қазанда, Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Энергетика министрлігі Газ және мұнай-газ-химия департаментінің директоры Зияш Қияқбаев айтып өтті.

Қияқбаевтың айтуы бойынша, ҚР Энергетика министрлігі «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңына сәйкес ай сайын Қазақстанның ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын (СМГ) жеткізу жоспарын бекітеді. Жеткізу жоспары жоспарланған айдың алдындағы ай басталғанға дейін күнтізбелік 25 күн бұрын облыстық жергілікті атқарушы органдардан, республикалық маңызы бар қалалардан, астанадан уәкілетті органға келіп түсетін жиынтық өтінімдер негізінде қалыптастырылады.

2019 жылы сұйытылған мұнай газының өндірісі 3,2 млн. тоннаны құрады, ағымдағы жылы да аталған көрсеткіш болады деп күтілуде. ҚР ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын жеткізу бойынша бекітілген жоспар шеңберінде  2019 жылы ішкі нарықта тұтыну көлемі 1,4 млн.тоннаны, немесе 2018 жылмен салыстырғанда 18,3 %-ға өсті. 2020 жылы СМГ тұтыну көлемі 1,5 млн. тонна болады деп күтілуде.

ҚР ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспары шеңберінде ішкі нарыққа СМГ жеткізуді 9 өндіруші зауыт жүзеге асырады.

- Елімізде сұйытылған газға белгіленген шекті көтерме баға тоннасына 43 345 тг. құрайды (ҚҚС қоса алғанда), бұл баға шекаралас және көрші елдердегі экспорттық бағалардан  ғана емес, көтерме бағалардан да төмен, - деп атап өтті Қияқбаев. – Мысалы, Ресейдің шекаралас облыстарында баға тоннасына 164 100 тг., Тәжікстанда – тоннасына 182 750 теңге. Қазақстандағы және көрші елдердегі аталып өткен бағалардағы айтарлықтай өзгешелік өз кезегінде ішкі нарықта жетіспеушіліктің туындауына және көлеңкелі экспортқа алып келуі мүмкін. Аталған жағдайлар 2017 жылы орын алған, осы фактілерді  анықтау үшін Энергетика министрлігі тиісті уәкілетті органдарға хат жолдады.

Газ және мұнай-газ-химия департаментінің директоры атап өткендей, осы мақсатта Энергетика министрлігі 2020 жылғы 7 қазанда  «СМГ кейбір мәселелері туралы» № 347 бұйрықты қабылдады. Бұйрыққа сәйкес Қазақстан Республикасының аумағынан үш жыл мерзім ішінде автокөлікпен СМГ экспорттауға тыйым салынады. Бекітілген ішкі баға мен экспорт бағалары арасындағы  үлкен айырмашылыққа байланысты, аталған бұйрық СМГ-ны елден тыс заңсыз шығаруға және ішкі нарықта СМГ жетіспеушілігін болдырмауға бағытталған.