Энергетика министрлігі Мемлекет басшысының экономиканы цифрлық трансформациялау карталарын әзірлеу жөніндегі тапсырмасына сәйкес саланы жүйелі түрде цифрлық трансформациялауды іске асырып келеді. Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілиястың айтуынша, 2025 жылы Цифрлық трансформация офисі құрылып, отын-энергетика кешенінің цифрлық трансформация картасы бекітілді, ақпараттық жүйелер мен деректер модельдерінің мақсатты архитектурасы әзірленді, сондай-ақ EnergyTech бірыңғай салалық платформасы қалыптастырылуда. «2025 жылы екі ЖИ жүйесі пилоттық режимде сәтті сынақтан өтті: дрондар мен жасанды интеллектті пайдалана отырып, әуе электр беру желілерінің ақауларын анықтау жүйесі (күтілетін экономикалық әсері – 2,5 млрд теңге) және роботтандырылған кешен мен жасанды интеллект негізінде жылу желілерінің құбыр ішіндегі ақауларын анықтау жүйесі (күтілетін экономикалық әсері – 42 млрд теңге). Аталған екі жоба да қазіргі уақытта нормативтік тұрғыда бекіту және ауқымдау кезеңінде», – деді энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс. EnergyTech бірыңғай платформасы SmartGrid және SmartField компоненттерін қамтиды. Олар киберқауіпсіздік талаптарын ескере отырып, салалық деректерді онлайн режимде беруді қамтамасыз етеді. QazTech платформасымен өзара іс-қимыл салалық деректердің сапасын арттырып, жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын тиімді қолдануға жағдай жасайды.