Атырауда полиэтилен, Павлодарда алкилат: Энергетика министрлігі жаңа алып жобалардың құрылыс барысын таныстырды

Атырауда полиэтилен, Павлодарда алкилат: Энергетика министрлігі жаңа алып жобалардың құрылыс барысын таныстырды

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің БАҚ өкілдерімен кездесуі аясында 2025 жылғы терең өңдеу және мұнай-газ химиясы секторының жұмысына қорытынды жасалды. Мұнай-газ химиясы саласында экономиканы әртараптандыруға және шикізатқа тәуелділікті азайтуға бағытталған жүйелі саясат жүзеге асырылуда. Отандық мұнай-газ химиясы тұрақты екі есе өсім қарқынын көрсетіп, шикізаттық емес экспорттың негізгі драйверлерінің бірі ретінде қалыптасып келеді. «2025 жылдың қорытындысы бойынша мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 12 пайызға артты. Қазақстан сыртқы нарықтарға терең өңделген өнімдерді, оның ішінде полипропилен, бензол және параксилолды жүйелі түрде экспортқа жөнелтуде», – деп атап өтті Ерлан Ақкенженов. Саланың стратегиялық дамуы ауқымды өнеркәсіптік құрылыс кезеңімен байланысты. Елде әлемдік деңгейдегі мұнай-химия кешендерін құру жобалары іске асырылуда. Атырау облысында болашақ полиэтилен зауытының пиролиз қондырғысының құрылысы 30 пайыздан астамға орындалды. Павлодар облысында алкилат өндіретін кәсіпорын салу жобасын іске асыру басталды.