
Astana HUB алаңында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесуі өтті. Кездесу барысында 2025 жылғы саланың қорытындылары шығарылып, келесі жылға арналған басымдықтар талқыланды. Есептік кезеңде министрлік Мемлекет басшысы бастамашы болған ауқымды реформаларды іске асыруды жалғастыруда. Бұл реформалар мұнай-газ секторын, жанар-жағармай материалдары нарығын және мұнай өңдеу саласын қамтиды. Мұнай-газ саласындағы жылдың басты оқиғасы Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңейту жобасының толық аяқталуы болды. Үшінші буын зауытының пайдалануға берілуі мұнай өндіру көлемін жылына 12 миллион тоннаға арттыруды қамтамасыз етіп, экспорттық түсімнің тұрақты көзін қалыптастырды және ұлттық экономиканың әлеуетін күшейтті. Ішкі жанар-жағармай нарығын реттеу аясында Министрлік бағаны қолмен басқарудан нарықтық тетіктерге көшу үдерісін жүзеге асырды. Қабылданған шаралар нарықты тұрақтандыруға, оны отынмен толық қамтамасыз етуге және тапшылық қаупін барынша азайтуға мүмкіндік берді. «Биыл мұнай өңдеу саласын 2040 жылға дейін дамытуға арналған ұзақмерзімді өндірістік бағдарлар бекітілді. Олар қуаттарды ұлғайту, өнім сапасын арттыру және ғылыми-технологиялық шешімдерді енгізу қағидаттарына негізделген. Негізгі мақсатты көрсеткіш – қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту және қуаттылығы жылына 10 миллион тоннаға дейінгі жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жобасын іске асыру арқылы мұнай өңдеу көлемін 18 миллион тоннадан 39 миллион тоннаға дейін арттыру», – деп атап өтті Ерлан Ақкенженов. Ағымдағы жылы CaspiBitum зауытын жаңғырту аяқталып, нәтижесінде кәсіпорынның мұнай өңдеу қуаты жылына 1,5 миллион тоннаға, ал битум өндіру көлемі 750 мың тоннаға дейін ұлғайды. Шымкент, Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту жұмыстары жалғасуда, сондай-ақ жаңа мұнай өңдеу зауытын салу үшін әлеуетті инвесторларды тарту шаралары жүргізіліп жатыр. Экологиялық күн тәртібі мен саланың технологиялық дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Көміртегі бейтараптығы стратегиясы аясында К5+ экологиялық стандарттарына сай мұнай өнімдеріне көшу бекітіліп, МӨЗ-рын техникалық жаңғырту мұнай өңдеу тереңдігін 94 пайызға дейін арттыруға және мұнай өңдеуді мұнай-химиямен ықпалдастыра отырып, жоғары қосылған құны бар өнімдер шығаруға мүмкіндік береді.