Түркі әлемі елдерінің энергетикасы: цифрландыру және бірлескен жобалар

Түркі әлемі елдерінің энергетикасы: цифрландыру және бірлескен жобалар

Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) Энергетика министрлерінің бесінші отырысы 10 желтоқсанда Стамбулда өтті. Басқосуда ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс түркі әлемі елдерінің энергетика саласындағы ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті.
Ол өз сөзінде ТМҰ Энергетика министрлерінің отырысы сала мәселелерін талқылау мен ынтымақтастықты нығайтуда тұрақты алаңға айналғандығын айтып, басты назарды ортамерзімді перспективадағы ынтымақтастыққа аударды. Оның ішінде қалпына келетін және баламалы энергия көздері, қазба отындарын пайдалану, сутегі энергетикасы, энергия үнемдеу мен тиімділік, цифрландыру және киберқауіпсіздік мәселелеріне тоқталды.
Сонымен бірге энергетикалық маршруттарды әртараптандыру, инвестиция тарту және жаңа технологияларды енгізудің маңыздылығын айрықша атап өтті. Қазақстанның ірі жобалардағы жетістіктерін алға тартып, Рожковское мұнай-газ кен орнын іске қосу жәнеТүркиямен бірге Қызылордадағы парогаз қондырғысын салу жобасы жайында айтып өтті.
Вице-министр маңызды жиында әділ энергетикалық ауысымның қажеттігін тілге тиек етті. Бұл ТМҰ елдерінің ерекшеліктерін ескеріп, экономикалық өсім, әлеуметтік тұрақтылық және экологиялық жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Басым бағыттар қатарында тәжірибе алмасу, эксперттік платформаларды дамыту, жасыл инвестицияларды қолдау және білікті кадрлар дайындау бар.
Сөз соңында Б. Ілияс энергетиканы цифрландыруға, «ақылды» желілерді, өнеркәсіптік интернет пен жасанды интеллектті енгізуге, кибертұрақтылық мәселелеріне ерекше мән беріп, ТМҰ елдерінің энергетикасын цифрлық трансформациялау бойынша бірлескен эксперттік орталық құруды ұсынды. Ол сондай-ақ ТМҰ елдерінің бірлескен әрекеттері аймақтың энергетикалық саясатын дамыту, қауіпсіздікті нығайту және сала тиімділігін арттыруға берік негіз қалайтындығын алға тартты.
Сонымен бірге вице-министр Бақытжан Ілияс Түркияның энергетика вице-министрі Ахмет Чонкармен екіжақты ынтымақтастықты талқылады. Тараптар бірлескен жобалардың сәтті жүзеге асырылғанын және түркиялық компаниялардың Қазақстандағы мұнай-газ және электроэнергетика саласына қатысуын атап өтті.
Негізгі назар қалпына келетін энергетиканы дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге, инвестиция тартуға, сондай-ақ энергетикалық жеткізілімдердің тұрақтылығы мен сенімділігін арттыруға аударылды. Тараптар екіжақты және көпжақты форматта, соның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінде ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін растады.