Жамбыл облысында бес газтурбиналық қондырғының құрылысы жүргізілуде

Жамбыл облысында бес газтурбиналық қондырғының құрылысы жүргізілуде

Таразда Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов өңір тұрғындарымен кездесіп, аймақтағы газ, электр және жылу желілері инфрақұрылымын дамыту барысы туралы толық ақпарат берді.
Жамбыл облысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жалғасуда. Алдағы бес жылда «Жамбыл электр желілері» ЖШС 1,4 мың шақырым желіні жаңартуды жоспарлап отыр. Келесі жылы 15 жоба іске қосылады. Сондай-ақ, Жамбыл МАЭС-інде қуаты 210 МВт болатын бес газтурбиналық қондырғы салынуда. Олар 2027 жылы іске қосылады деп жоспарланған.
Энергетика министрлігі «KEGOC» АҚ-мен бірге Алматы-Шу-Тараз-Шымкент бағыты бойынша ұзындығы 475 км болатын 500 кВ жаңа электр жеткізу желісін салып жатыр. Аталмыш жоба оңтүстік өңірлердің энергиямен қамту сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жылуэнергетика инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Ағымдағы жылы Таразда 15 шағынауданда қосалқы станса құрылысы және №3 жылу магистральін реконструкциялау басталды. №1 жылу магистралі жаңартылып, жаңа шағынауданда ішкі жылу желілерін салу жұмыстары аяқталды. Қордай ауданында 220 кВ қосалқы станса мен электр желісі салынып, Тараздағы №4 аудандық қазандық кеңейтіледі.
Облыста жалпы қуаты 560 МВт болатын 21 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. 2030 жылға дейін Total және Masdar сияқты ірі халықаралық инвесторлармен бірге қосымша 2,08 ГВт жобаны іске асыру жоспарланған.
Өңірде елдімекендерді газдандыру жұмыстары да жалғасуда. 2025 жылы Қордай, Мойынқұм және Талас аудандарындағы ауылдарды газбен қамтамасыз етуге бағытталған төрт жоба жүзеге асырылуда. Бұл шамамен 2,5 мың адамды табиғи газбен қамтамасыз етіп, өңірдің газдандыру деңгейін 91,3%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында тұрғындар инфрақұрылымды жаңғырту, газ және электрмен жабдықтау, сондай-ақ ЖЖМ қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Вице-министр әрбір сұраққа нақты жауап беріп, барлық көтерілген мәселелер тіркеліп, министрлікте қарастыру үшін жолданды.
Жұмыс сапары барысында Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Т.И. Батуров атындағы Жамбыл МАЭС-ін, «ТаразЭнергоЦентр» АҚ-ға қарасты ЖЭО-4 және ТҚ-4 нысандарын аралап, кәсіпорын басшыларынан энергетикалық объектілердің қазіргі жағдайы мен жаңғырту жоспары туралы ақпарат алды.