Қоғамдық кеңес отырысында жер қойнауын пайдалану және ғылыми бастамалар қаралды

Қоғамдық кеңес отырысында жер қойнауын пайдалану және ғылыми бастамалар қаралды


Энергетика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы Жақып Хайрушевтің төрағалығымен өтті. Отырысқа ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров қатысты. Қатысушылар саланы дамыту және жер қойнауын пайдалану үдерістерінің тиімділігін арттыруға қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылады.

Отырыс барысында шағын кен орындарын реттеу тетіктерін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қаралды.

Сонымен қатар геоэкологиялық және гидрогеологиялық зерттеулердің нәтижелеріне, сондай-ақ жерасты суы қорларының орналасу аймақтарында жер қойнауын пайдалануды реттеу бастамаларына ерекше көңіл бөлінді.

Қатысушылар мұнай-газ саласының ірі операторларының тауарлар, жұмыстар және қызметтер сегментіндегі жергілікті құрамды дамыту жөніндегі есептерін тыңдады. Оған қоса, Атырау жылу орталығын газбен қамтамасыз ету сұрағы да қаралды. Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру және кадрларды даярлау бойынша келісімшарттық міндеттемелерді орындау мәселелері қаралды.

Қосымша ғылыми-зерттеу қызметі аясында басым технологиялық жобаларды іріктеу бойынша жұмыстарды үйлестіру барысы, сондай-ақ елдің инженерлік-техникалық әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды. Оған құзыреттерді дамыту, мамандардың біліктілігін көтеру және заманауи технологиялық шешімдерді енгізу бағыттары кіреді.