Ескі вагондар заманауи вахталық кешендерге ауыстырылды

Ескі вагондар заманауи вахталық кешендерге ауыстырылды

Қарағанды облысында «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның (QazaqGaz ұлттық компаниясының еншілес ұйымы) Теміртау және Жезқазған желілік-өндірістік басқармаларының қызметкерлеріне арналған жаңа модульді вахталық кешендер пайдалануға берілді. Жаңа нысандар QazaqGaz ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Әлібек Жамауов бастаған ұлттық компания басшылығының өңірге сапары барысында таныстырылды..
Әр кешенде 23 адамға арналған әкімшілік-тұрмыстық корпус бар. Онда жұмыс кабинеттері, оқу сыныбы, архив, сервер бөлмесі және медициналық кабинеттер орналасқан. Сонымен қатар вахташыларға арналған жатақхана салынды: тұрғын және тұрмыстық бөлмелер, ас дайындау аймағы, жаттығу залы, кір жуатын, үтіктейтін және арнайы шкафтарымен жабдықталған киім кептіретін бөлмелер, душ бөлмелері мен гардеробтар, сондай-ақ қызмет көрсетуші персоналға арналған аймақтар қарастырылған.
Бұдан бөлек, «ҚББИЖ» қолжетімділікті бақылау жүйесімен, периметрді күзетудің заманауи басқару пультімен және бейнебақылаумен жабдықталған бақылау-өткізу пункті салынды.
QazaqGaz ұлттық компаниясы үшін қызметкерлердің еңбек және тұрмыс жағдайын жақсарту – басым бағыттардың бірі. «Жұмысшы мамандықтар жылы» бұл бағытқа ерекше мән берілуде. Жаңа көпфункционалды вахталық кешендер вахташылардың өмір сүру жағдайын айтарлықтай жақсартып, қауіпсіздікті арттыруға және өндірістік міндеттердің тиімді орындалуына мүмкіндік береді.
Айта кетейік, заманауи кешендер газ тасымалдау жүйесінің жаңа нысандарын игеру кезінде бұрын пайдаланылған ескі вагондар мен жалдамалы тұрғын үйлердің орнын басты.