Журналистер Қарағанды облысының энергетика саласын жаңғырту барысын баспасөз туры кезінде бағалады

Журналистер Қарағанды облысының энергетика саласын жаңғырту барысын баспасөз туры кезінде бағалады

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Қарағанды облысының негізгі энергетикалық нысандарына баспасөз турын ұйымдастырды. Тур аясында журналистер өңірдің негізгі электр және жылу энергиясы көздері болып саналатын Қарағанды ЖЭО-3 пен Топар МАЭС-іне барды.
Баспасөз тобы алдымен Қарағандының шамамен 80 пайызын жылумен қамтамасыз ететін «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС-нің ЖЭО-3 нысанында болды. Кәсіпорын мамандары энергокешеннің жұмысы, энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыру шаралары және ағымдағы жылыту маусымына дайындық бойынша ақпарат берді.
«Қарағанды Энергоцентр» компаниясы кешенді жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Жыл сайын жабдық жаңартылып, жылу желілерін қайта құру жобалары аяқталып, техника тозуы төмендеуде. Соңғы жылдары іске қосылған жаңа агрегаттар стансаның электр және жылу өндіру қуатын айтарлықтай арттырды. Қазіргі уақытта ЖЭО-3 кеңейту жобасы жүзеге асуда. Жаңа энергоблок іске қосылған жағдайда электр қуаты 140 МВт-қа, жылу қуаты 180 Гкал/сағ-қа ұлғаймақ. Бұл қаладағы жаңа аудандарды жылумен қамтамасыз етіп, энергетикалық жүйенің тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.
Бағдарламаның соңғы нысаны — Қарағанды облысының ең ірі энергетикалық кәсіпорындарының бірі Топар МАЭС-і. Станса өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындарды, жылыжай кешенін және Абай ауданының елдімекендерін энергиямен қамтамасыз етеді. Биыл Топар МАЭС-інде қуаты 130 МВт болатын жаңа турбоагрегат іске қосылды. Бұл стансаның жалпы өндірістік қуатын арттырып, өңірдің энергетикалық тұрақтылығын күшейтті.
Жоба Энергетика министрлігі мен кәсіпорын арасындағы инвестициялық келісім шеңберінде жүзеге асырылып, 2021 жылы басталған. Инвестициялар көлемі шамамен 20 млрд теңгені құрады. Жаңа агрегат моральдық және физикалық жағынан тозған жабдықты алмастырып, өңірді энергиямен қамтамасыз етудің сенімділігін арттырады. Сонымен қатар ол Қарағанды облысының өнеркәсіптік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға қосымша жағдай жасайды.
Баспасөз туры БАҚ өкілдеріне өңірдің энергетикалық инфрақұрылымының жай-күйі, жүргізіліп жатқан жаңғырту жобалары және одан әрі даму жоспарлары туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік берді.